Сауда және интеграция министрлігі кедендік баж салығын төлемей картоп импорттауға мүмкіндік берілгенін хабарлады.
Бұл жеңілдік Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 35 шешімі негізінде енгізілді.
Импорттаушылар әкелінген картопты Қазақстан Республикасында тіркелген және бөлшек саудамен айналысатын тұлғаларға тек бөлшек саудада сату мақсатында өткізуі тиіс. Бір өтінім берушіге арналған импорт көлемі 5000 тоннадан аспауы керек. Өтінімдер 2025 жылғы 30 маусымға дейін қабылданады.
Кедендік бажсыз импорт құқығын алу үшін келесі құжаттар қажет:
Тауардың мақсатты арналуын растайтын еркін түрде жазылған өтініш хаты,
Картоп жеткізуге арналған шарттардың көшірмелері,
Бөлшек сауда орындарымен жасалған келісімдер.
Өтінімдер «Е-Өтініш» бірыңғай платформасы арқылы ҚР Сауда және интеграция министрлігіне жолданады.
Осыған дейін хабарланғандай, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин картоп бағасына қатысты түсінік берді.