Президент пәрмені: инвестиция қарқыны қалай өзгеріп жатыр

0 3

8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жарияламақ. Елдің саясаты, экономикасы мен қоғамдық өміріндегі өзгерістер мен жаңашылдықтар көбіне Жолдауда айтылған тақырыптардан бастау алады. Осы тұста Kazinform тілшісі бір жыл бұрын, 2024 жылдың 2 қыркүйегінде жарияланған Жолдауды бір шолып, кей саланың бет алысын бағамдап көрді.

Жолдаудан бір тиек
Әр жыл сайынғы Жолдаудың аясы бір тақырыппен шектелмейді. Әйтсе де ішінен маңызды дүниелерді іліп ала аламыз. Былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» аталған Жолдаудың идеясы негізінен экономикаға сүйенгенін білеміз. Соның ішінде Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестицияларды жеке әрі ауқымды тақырып ретінде қарастыруға болады.

– Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында.

Жалпы, инвестиция тарту — кез келген ел үшін маңызды жайттардың бірі. Экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, технология мен тәжірибе алмасу, инфрақұрылымның жақсаруы мен халық тұрмысының реттелуі секілді факторлар инвестицияға байланысты.

Кейінгі жылдардағы көрсеткіш
Әріге бармай-ақ, кейінгі 5 жыл аралықта Қазақстанда инвестициялық белсенділік қарқын алғанын байқаймыз. Мәселен, 2020 жылы елде негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 12,3 трлн теңге болса, 2024 жылы 19,4 трлн теңгеге жетті. Әр жыл сайын көрсеткіш тұрақты түрде өсіп жатыр. Биыл алғашқы 7 айда негізгі капиталға 9,9 трлн теңге инвестиция тартылған.

Бұл тұста тікелей шетелдік инвестицияларды да қарастыра кеткен абзал. 2022 жылы еліміз осы санат бойынша өзіндік рекорд орнатқаны есте. Шетелдік инвестиция көлемі 28 млрд долларға жетіп, кейінгі онжылдықтағы үздік нәтижені тіркеді. Ал 2023 жылы Қазақстан 24 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартса, 2024 жылы көрсеткіш 17,2 млрд доллармен шектелді.

Экономикада жалпы ішкі өнім секілді негізгі капиталға салынған инвестицияны да жан басына шағу арқылы бағамдау әдісі бар. Бұл арқылы халықтың өмір сүру деңгейінің құбылуын анықтауға болады. 2020 жылы елімізде негізгі капиталға салынған инвестициялар жан басына шаққанда 654 мың теңге болса, былтыр 961 мың теңгені құрады. Яғни, аталған аралықта жан басына шаққандағы көрсеткіш 1,5 есеге жуық өскен.

Әйтсе де бұл — жалпылама, елге ортақ көрсеткіш. Егер өңірлерді бөлек қарастырып, жіктейтін болсақ, біршама айырмашылықтарды көреміз. Мысалы, былтыр Атырау облысына тартылған инвестицияны аймақ халқының санына шаққанда 3 млн теңгеден (3 073 000) асып кеткен. Ал инвестиция тартудан бәсең өңір – Жамбыл облысында 415 000 теңге болыпты. Сондықтан кей өңірдің жергілікті билігі инвестиция мәселесіне күш салу керегі аңғарылады. Әрине, инвестициялық өсім халықтың өмір сүру деңгейіне лезде оң әсер етеді деп айту негізсіз. Бірақ әр жылғы серпіліс экономикалық әлеуеттің жоғарылауына септеседі.

Қай салаларда өсім бар?
Кейінгі жылдары Қазақстанда инвестиция тарту бойынша екі сала ерекше серпіліс көрсетіп отыр. Оның біріншісі – білім беру саласы. Бұны тіпті қызықты трендке балаушылар бар. Кейінгі 5 жылда салаға келген инвестиция 7 есеге артқан. Әсіресе, сапалы білімге сұраныстың арқасында жекеменшік мектептер көбейген.

2019-2020 жылғы оқу маусымында елде 125 жеке мектеп болса, былтыр бұл сан 735-ке бір-ақ жетті. Сол сияқты 2020 жылы білім саласына құйылған инвестиция 156 млн теңгеден сәл асса, 2024 жылы 1,1 млрд теңгеге жуықтады.

Ал екінші белсенді сала – жалпы халық дамуына мүдделі болып отырған өңдеу өнеркәсібі. Бұрыннан белгілі, еліміз көбіне шикізат экспорттайды. Соның әсерінен тау-кен саласының ықпалы артып келген еді. Кейінгі 5 жыл бойы тау-кен саласына салынған инвестиция тұрақты күйде қалды, 3,7-4,5 трлн теңге арасында теңселіп тұр.

Бұл кезеңде шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін өңдеу өнеркәсібі саласы алға жылжи бастады. Мәселен, салаға құйылған инвестиция 2020 жылы 1,1 трлн теңге болса, жыл сайын тұрақты өсе келе былтыр 2,1 трлн теңгеден асты. Дегенмен алдағы әлеуеті бұдан бірнеше есе жоғары болуға тиіс.

Көлік-логистика мен ақпараттық технологияға көңіл бөлу қажет
Инвестиция тарту мәселесі қайткен күнде де алға ілгерілетуді қажет етеді. Қазіргі көрсеткішті экономикаға толыққанды серпіліс береді деп айта алмаймыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, экономист Мағбат Спановтың сөзінше, теория тұрғысынан алғанда, негізгі капиталға салынған инвестиция жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді.

– Алайда халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту мәселесіне келсек, бұл – даулы сұрақ. Мысалы, үкімет отырыстарында салалық министрлер әрдайым негізгі қорлардың сарқылуы белгілі бір пайызға жеткенін айтады. Сондықтан негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі артқанына қарамастан, жағдай бұрынғы қалпында қалып отыр. Кез келген саланы, кез келген секторды алсақ та, күрделі жағдай бар, – дейді сарапшы.

90-жылдары және 2000-жылдардың басында Қазақстанда әртүрлі салалар мен бағыттарға тікелей инвестициялар көптеп тартылды. Соның арқасында жалпы ішкі өнімнің өсуіне де, жаңа өндірістер мен кен орындарын игеруге қаражат салуға да мүмкіндік ашылды. Жалпы экономикаға оң әсерін тигізгені анық.

– Бірақ қазір көптеген инвестициялармен негізінен министрліктер айналысады. Мәселен, Білім министрлігі, Көлік министрлігі дегендей. Бұл инвестициялар шын мәнінде көбіне қарыз қаражат есебінен жүзеге асады. Мысал ретінде Дүниежүзілік банктен алынатын несиелер немесе екіжақты келісімдер аясын айта аламыз. Ол кейде керісінше әсер етуі мүмкін, яғни инвестициялар статистикалық тұрғыдан жағдайды жақсартқандай көрінгенімен, тиімділік жағынан алғанда макроэкономикалық жағдайға кері әсер етеді, – дейді Мағбат Спанов.

Сарапшы елімізде тау-кен өндіру саласына инвестиция салу әлі де ұзақ уақытқа сақталатынын болжады. Мысалы, 90-жылдарды алатын болсақ, сол кезеңдегі тікелей шетелдік инвестициялар немесе қарыз түріндегі инвестициялар негізінен шикізат өндірумен байланысты салаларға бағытталды. Қазір де сирек кездесетін жер металдарын барлау мен өндіруге үлкен көлемде инвестициялар тартылып жатыр. Бұл – бүкіл әлемге қажет шикізаттар.

– Менің ойымша, ең маңызды екі бағыт бар: көлік-логистика саласына инвестиция салу және ақпараттық технологияларды дамытуға бағытталған инвестициялар қажет. Дәл осы салаларға салынатын инвестициялар болашақта экономикамызды дамытуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді экономист.

Қорыта айтқанда, елге тартылған инвестиция, оның жан басына шаққандағы көрсеткіші жыл сайын тұрақты түрде өсіп жатыр. Дегенмен салалық ведомстволар көрсеткішті арттырумен қатар, экономикаға пайдасын беретін нақты салаларға баса мән бергені абзал секілді. Бұл тақырыпты алдағы уақытта да талдап, көрсеткіштер мен нақты салалардың қарқынын бағамдап отырамыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.