Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында Ұлттық Банктің базасында Мемлекеттік цифрлық активтер қорын (крипторезерв) құру жөнінде тапсырма берілген болатын. Ұлттық банктегілер қазір бұл жұмыс қандай сатыда екенін мәлім етті.
— Қазір уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп тұжырымдама әзірленіп жатыр. Онда қорды қалыптастыру көздері, оны жинақтау және пайдалану тетіктері, сондай-ақ тәуекелдерді басқару мен активтердің тәуекел-профилін айқындау тәсілдері қарастырылады. Ерекше назар халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, криптовалюта нарығының құбылмалылығын есепке алу арқылы қорларды (крипторезервті) басқарудың ашықтығы, есептілігі және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне аударылады, — деп жазылған Kazinform сауалына жолдаған жауапта.
Демек, әзірге крипторезерв ретінде нарықтағы қандай криптовалюталардан қор жинақтау көзделіп отырғаны әлі белгісіз. Сондай-ақ, крипторезерв қалыптастыруға қандай көзден қаражат алынатыны, Ұлттық қордың, БЖЗҚ-ның қаражатын жұмсау ықтималдығы да нақтыланбаған.
— Қорды құру мерзімдері мен оның жұмыс істеу тәртібі тиісті тұжырымдамада белгіленеді, — деп жазады Ұлттық банктегілер.
Айта кетсек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысының криптоиндустрияны дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан еді.