Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс – Президент

0 2

Президент цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  

— Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет. Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі.

Жалпы, айтылған барлық шара біздің аймақта жаңашылдық саналады. Бұл еліміздің цифрлық саясатының ұзақ мерзімді әрі жүйелі бағытын көрсетеді. Ақылды технологиялар үлкен деректерді өңдеуге, әлеуметтік саладан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштерге дейінгі көптеген саланы талдауға қабілетті. Стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін айтарлықтай жетілдіреді, — деді Президент.

Сәйкесінше, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін білуі әрі түсінуі керек.

— Жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына жаппай енгізу үшін тиісті заңнаманы да соған сәйкес бейімдеу қажет. Бұл — еліміздің цифрлық және зияткерлік дербестігін қорғайтын нақты тетіктер болу керек деген сөз. Түптеп келгенде, цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс, — деді ол.

Айта кетелік Мемлекет басшысы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынған еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.