Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның бизнес-форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Іс-шараға екі елдің үкімет мүшелері және кәсіпкерлер қатысты. Оның барысында бизнес өкілдері құны 71 млн доллар болатын келісімшартқа қол қойды.
Форумда белгілі болғандай, бүгінде Өзбекстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 1100 кәсіпорын жұмыс істейді. Атап айтқанда, құрылыс, медицина, қаржы нарығы және ІТ салада ел компанияларының үлесі басым.
— Екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтырып жатыр. Бұл жақсы үрдіс. Мемлекет басшылары да осындай тапсырма берді. Біздің кәсіпорындарымыз енді бірлескен өнімдерін үшінші мемлккеттерге сатуды қолға алуы тиіс. Осы тұрғыда үлкен жұмыстар атқарылып та жатыр, — деді «Uztrade» АҚ басқарма басшысы Аврор Курбанов.
Сауда-саттық форумына мемлекеттік деңгейде мән берілді. Үкімет мүшелері кәсіпкерлердің пікірін тыңдап, мәселе туындаған жағдайда, оны бірігіп шешудің тетіктерін қарастырды.
— Мәселен, 2024 жылы 4,1 млрд долларға сауда-саттық жасастық. Биыл 8 айда бұл көрсеткіш 3 млрд доллардан асты. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 18%-ға өсім бар. Жалпы 2030 жылға дейін өзара тауар айналымы көлемін 10 млрд долларға жеткіземіз деп сенеміз, — деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.
Форум қорытындысы бойынша бизнес өкілдері өзара ақпарат алмасу үшін «В2В» форматындағы кездесулерді дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыруға уағдаласты.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын Ташкентте «Қазақстан — Өзбекстан: Денсаулық сақтау, технология және кадр саласындағы ынтымақтастық» халықаралық форумы өтті.