Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жақында ғана жолдаған Жолдауында жасанды интеллект туралы кеңінен айтып, барлық істі цифрландыру мәселесіне тоқталған болатын. «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы айтқандай, үш жыл ішінде цифрлық ел болу үшін, әрине, білім алып жүрген жастардың электронды техника саласынан сауатты болуы маңызды. Мәселен, құрылғанына биыл 105 жыл толатын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде бірнеше жыл бұрын жабылып қа лған информатика мамандығы биыл қайта ашылып, осы салаға қажетті болашақ мамандарды оқыта бастады. Бұны жастарға цифрлық техника тілін терең меңгеруге ашылған жол деуге болады. Колледж директоры Саясат Есеевтің айтуынша, колледж бұл салаға серпін беруді көздеп отыр және осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыра бастаған.
– Студенттерге сапалы білім беру үшін, олар оқуын тәмамдап, дипломын алып, бала оқытып, тәрбиелеу ісіне араласқанда талапқа сай жұмыс істеулері үшін ІТ саласындағы озық технологияларды қолданбақшымыз. Ол үшін оңтүстік Корея техникаларының тиімділігін зерттеп жатырмыз. Тілінің мүкістігі бар балалармен жұмыс істейтін логопед педагогтерді дайындауда жасанды интеллект технологияларын қолдану мақсатында Оңтүстік Кореямен жақында меморандумға отырып, байланыс орнатудамыз. Әлемдік стандарттарға басымдық беруді көздеп, халықаралық байланыста бес мемлекетпен қарымқатынас орнаттық. Әлгінде айтқан Оңтүстік Кореямен қоса, Сингапур, Қытай Халық республикасы, Түркия және Қырғызстанмен байланыстамыз. Биыл бастауыш білім беру және мектепке дейінгі тәрбиелеп, оқыту мамандықтары бойынша сингапурлық оқыту тәсілімен білім бере бастадық. Мұндағы негізгі мақсат – 4 жылдан кейін ағылшын тілінде сөйлей алатын тәрбиеші және бастауыш мұғалімін шығару. Сингапурлық әдіс әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесінде үлкен белсенділік танытады. Себебі, олардың технологиясы ерекше. Бізге жаратылыстану, математика, ағылшын тілі бағыттарын ұсынды, бірақ біз екі бағытын, яғни математика мен ағылшын тілін алып отырмыз. Оқулықтарын, оқу дәптерлерін, әдістемелік кешендерін және контент, интернет порталдарын, жалпы оқу барысында қолданатын құралдарының бәрін сатып алдық. Мұғалімдеріміз осы бойынша біліктілік арттыру курсынан өтті. Енді сингапурлық әдіспен 4 жыл оқытылғанда, әр жылы бір әдістемелік кешен шығарамыз деп отырмыз. Сингапурлық әдістен алған артықшылығымыздың келесі бағыты – жасанды интеллект. Себебі, біз мектептерге білім беретін маман дайындап жатырмыз. Президентіміздің өзі жасанды интеллектінің ұтымды тұстарын қажетті іске қолдануды айтып жатыр. Біз болашақты жасанды интеллектімен елестетеміз. Мысалы, басқа мемлекеттер жасанды интеллектіні пән ретінде оқуға енгізген. Яғни, жасанды интеллект өміріміздің айырылмас бір бөлігіне айналады деген сөз. Сондықтан қазір дайындық ретінде жасанды интеллектіні барлық пәнге енгізу бойынша арнайы педагогтер іріктеліп, топ болып жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Саясат Керімбекұлы.
Колледж директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Бағила Абжапарованың айтуынша, колледж қазіргі заманға сай жаңа ақпараттық құрал-жабдықтармен жабдықталған, интерактивті тақталар мен мультимедиялық кабинеттермен және арнаулы пәндер бойынша электрондық оқулықтармен қамтамасыз етілген.
– Бүгінгі таңда тұжырымдамалық түрде білім беру жүйесі негізгі үш бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтқанда, ол – білім беру үдерісін цифрландыру, цифрлық білім беру контенті, білім беруді басқаруды цифрландыру. Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру с апасын жақс арту, кез келген процесті, қазіргі жағдайда, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, атааналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Бүгінде колледжде 213 компьютер бар, 8 компьютер сыныбы, 1 сервер, 27 интерактивті тақта, 11 интерактивті панель студенттердің игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Техникаларымыздың қатары 2021 жылы сатып алынған 3d және 19 лазерлік принтерімен толықты. Колледж аумағында автоматтандырылған ресурстар – ақпарат алмасу орталығы, WI-FI желісі секундына 50 мегабитпен және автоматтандырылған оқытушылар жүктемесі, КАБИС бағдарламасы негізіндегі электронды кітапхана қызмет етеді. Индустриялдық қоғамнан ақпараттық қоғамға өтпелі осы кезеңде, ауқымды ақпаратты жүйе – интернет желісінің маңызы зор. Осыған орай оқу ісәрекетінің барлық түрлері мен педагогикалық қарым-қатынас технологиялары бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру үшін колледждің Internet-ке шығу сыртқы телекоммуникациялық порталды өткізу қабілеті жоғарылатылды. Колледж оқытушыларынан өзі оқытатын пәндерден 100-ге жуық бейне сабақтар жасалып колледждің ютуб каналына салынған және таңдамалы сабақтары «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының сайтының бейне сабақ каталогына енді. Мекеме жұмысын насихаттау мақсатында үш тілде колледж сайты, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілері арқылы өткізілген іс-шараларды жариялау жұмыстары жүргізілуде. Колледж оқытушылары мен білімгерлері үздік цифрлық платформаларды, атап айтқанда College SmartNation, microsoft teams, jitsi meet, office365, zoom, Google duo, hangouts, google classroom, youtube, google forms, google disce және тағы да басқа google қосымшаларын пайдаланады, – дейді Бағила Көшербайқызы.
Бұл колледжді 1926-1929 жылдары белгілі жазушы, ірі қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов басқарған. Колледж ұст аздары мен студенттері жазушы туралы деректердің аздығын байқап, терең зерттеу жүргізуді қолға алыпты. Қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, ұлтының мүддесі үшін еңбек еткен ер отызыншы жылдардың ойранында жазықсыз жала арқалап, атылып кеткені мәлім. Артында қалдырған құнды еңбектерін зерделеп, ұлағатты өмір жолын зерттеп, ғылыми еңбекке арқау етуді көздеген колледж қызметкерлері жазушының немере інісі Сайлау Байбосынмен байланыс орнатып, жеке деректерін алып, колледжден Жүсіпбек Аймауытовқа арналған бұрыш ашқан. Ұстаздар мен студенттер Жүсіпбек Аймауытов туралы зерттеу жұмыстары барысында Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжбен байланыс орнатып, жазушы туралы деректерді жинақтауда.
– Алаштың талай қайраткерлері оқыған Семейдегі педагогикалық колледжде Жүсіпбек Аймауытовта білім алған. Ол жердегі мәліметтерді алып жатырмыз, бірақ дерек өте аз. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытов туралы зерттеуге басымдық беріп отырмыз. Жүсіпбек Аймауытов – қазақ әдебиеті мен педагогикасының көрнекті өкілі. Оның шығармаларындағы ұлттық тәрбие, тұлға қалыптастыру, адам жанына үңілу, психологиялық болмысты бейнелеу мәселелері қазіргі білім беру үдерісінде ерекше маңызға ие. Менімен қатар, директорымыз Саясат Есеев және Ақмарал Нұралиева Жүсіпбек Аймауытовтың көркем шығармалары мен педагогикалық мұрасын өзара байланыстыра отырып оқыту арқылы білім алушылардың әдеби-танымдық, тәрбиелік көзқарасын кеңейту, олардың сыни ойлау, зерттеу, жобалау қабілеттерін дамыту мақсатында «Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын әдеби және педагогикалық интеграцияда оқыту» атты авторлық бағдарлама жазды. Осы бағдарлама негізінде колледжде 36 академиялық сағатты және ұзақтығы 1 жылды құрайтын факультативтік пән енгізілді. Пән аясында студенттер жазушының әдеби туындыларымен қатар, оның педагогикалық мұрасын да терең зерделеп, теорияны практикамен байланыстыра алады. Сонымен қатар жазушының көркем туындылары мен ғылыми еңбектерін сабақтастыра отырып, білім алушылардың руханиадамгершілік қасиеттерін, ұлттық құндылықтарды терең меңгеруіне ықпал етеді, – дейді Айжан Баялиева.
– Жүсіпбек Аймауытовтың немере інісі Сайлау Байбосын да жазушы, ақын, Қазақстан Ре спубликасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазіргі уақытта Ақмола облысы, Ерейментау ауданында тұрады. Сайлау ағаймен байланысып, Жүсіпбек Аймауытов туралы бірқатар деректер алынды. Ж.Аймауытовтың өмірі, отбасы, қызметі туралы тың ақпараттармен, жарияланбаған фотоларымен бөлісті. Сайлау ағамен әңгімелесу барысында бірнеше қоғам өкілдері Мәскеудегі Жүсіпбек Аймауытұлының басына зиярат етіп, өзінің туған өлкесі Әулиелі Қызылтаудың топырағын апарып салып, дұға бағыштап қайттық, ؘ– дейді колледждің «Бастауыш білім беру» бөлімінің меңгерушісі Ардақ Жұмаділова.
Сондай-ақ, мұндағы ұст аздардың ғылыми ізденістері жоғары екені жұмыстарын таныстыру барысында да байқалды. Өткен жылдың өзінде ғылыми зерттеу еңбектері жөнінде 53 мақалаларын жариялап, 24 оқу әдістемелік құралдарын жарыққа шығарыпты.
– Қазақ КССР-ында 1920 жылы Оқу ағарту комитеті құрылған. Сол жылдары білімнің дамуында үлкен кезең басталған. Біздің оқу орнымыз – алғашқы толқында құрылған көне колледждердің бірі. Алғашында Шымкент қаласында құрылып, училище 2 бөлмеден тұратын 2 қабаттық ғимараттан басталған. Басында 100 оқушы қабылданып, кейін тағы 25 адамға тағы бір сынып ашылған. 1926-1929 жылдары Жүсіпбек Аймауытов басқарып, оны 1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқынға алады да училищені сол жылдары Әулиеата аталған қазіргі Тараз қаласына ауыстырады. Сол жылдан бері колледж үздіксіз жұмыс істеп келеді. Содан бергі уақытта атауы бірнеше рет өзгерді, 1940 жылдан Жамбыл педагогикалық училищесі болса, 1946 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың аты берілді. 1995 жылы Жамбыл педагогикалық колледжі болып өзгерді. Тағы бір тарихи кезеңі ретінде айтарымыз – 1997 жылы елде экономикалық тоқырау жүріп жатқанда, колледждерді аман алып қалу мақсатымен Жамбыл мәдениет және өнер колледжін қосады. 1997 жылдан бастап мұнда екі бағытта, яғни педагогикалық және өнер бағытымен мамандар даярлаймыз. 2020 жылы колледжімізге жоғары статус беріліп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі деп аталды. Бүгінде колледжімізде педагогикалық бағытта 5, өнер бойынша 6 мамандықпен студенттер оқытылып жатыр. Ал, бұрыннан келе жатқан мамандықтармен қоса бірнеше жыл бұрын жабылып қалған информатика мамандығын биыл аштық. Бұл салаға да серпіліс бергіміз келеді, алайда оқу аудиторияларының тарлығы қолбайлау болып тұр. Дегенмен алдағы уақытта қазақ тілінің, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін және мектеп директорлары тарапынан сұранысқа ие математика пәнінің мұғалімін дайындайтын мамандықтарды ашсақ деген ойымыз бар. Жалпы 213 педагог қызмет атқарады, ең жоғарғы педагог шебер санатында 4 мұғаліміміз бар. 28 зерттеуші, 43 сарапшы, 34 модератор педагогымыз барын мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар 22 магистр дәрежесіндегі мұғалімдеріміз, 7 Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, 1 Білім беру ісінің құрметті қызметкері, 1 Үздік педагог, 1 «Ұстаз – ұлт айнасы» төсбелгісінің иегері, 1 «Халық алғысы» мемлекеттік наградасының иегері, 1 Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және 1 Мәдениет саласының үздігі атанған ұстаздарымыз – колледжіміздің сапалы қызметіне өз үлестерін қосып жүр. Қазіргі уақытта, 1023 студент осында білім алуда. Кейінгі үш жылдан бері тек мемлекеттік тапсырыспен оқытып келе жатырмыз. Ақылы бөлімде оқитындардың ең соңғы тобы биыл колледжді аяқтайды. Келесі жылдан бастап толықтай гранттық негізде маман дайындайтын колледжге айналамыз. Мұндағы басты мақсат – әлеуметтік санаттағы балаларды қолдау, бұл – халық үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек, – деген Саясат Керімбекұлы басқа облыстардан да көптеген студенттердің келіп білім алуы колледжде білім сапасының қалыптасқан жүйесі бар екенін көрсететінін айтты.