Президент ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне назар аударды

0 4

Мемлекет басшысы Жамбыл облысы тұрғындарымен кездесуі барысында барлық өңірде Инклюзивті спорт орталығын салу туралы тапсырма берді,деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

— Мемлекет ерекше күтімді қажет ететін балалар мәселесіне айрықша мән береді. Кеше мен Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болдым. Сондай орталықтарды еліміз бойынша басқа аймақтарда салу қажет деп санаймын.

Үкіметке әкімдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтап, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Шын мәнінде, мұндай нысандардың тек елордада ғана болғаны дұрыс емес, әрбір облыста салу керек.

Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық деп айтуға болады. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Сондықтан әлеуметтік міндеттемелерді орындау әрдайым еліміздің айрықша назарында тұратын мәселе. Биыл зейнетақы және жәрдемақы төлеуге 5,9 триллион теңге бөлінді. Келесі жылы бұл көрсеткіш тағы 10 пайызға өседі,- деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Қазақстан қауіпсіз ел ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

— Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орнығып жатыр. Екі күн бұрын АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы әңгімелестім, ол да заң мен тәртіп саясатын жүзеге асыруда, қылмысқа, тәртіпсіздікке жол бермейміз деді. Осындай саясаттың нәтижесінде соңғы бес жылда елімізде аса ауыр қылмыстар едәуір азайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша көрсеткіштер де төмендеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүр. Президент онда бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.