Бүгін, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда айқындаған стратегиялық міндеттерді іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік активтерінің қатысуымен барлық өңірлердегі Достық үйлерінің базасында республикалық кеңес өткізді.

Кеңеске өзге өңірлермен қоса Жамбыл облысынан облыс әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасарлары — Асқарбек Сейілхан, Ғұлам Умаров, “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Мубарак Жинақбаева және ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, ҚХА құрылымдарының төрағалары қатысты.
Кеңес барысында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері Қазақстан Республикасы Президентінің реформалары мен бастамаларына, сондай-ақ елдегі жалпыұлттық бірлікті нығайтуға және қоғамды топтастыруға бағытталған ауқымды өзгерістерге жан-жақты қолдау білдірді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдық тұрғыдан дамыған әрі институционалдық тұрғыда қалыптасқан тетік ретінде Халық Кеңесінің идеологиялық және ұйымдастырушылық негізі мен өзегіне айналатыны атап өтілді. Аталған жоғары консультативтік-кеңесші орган этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың базалық функционалын қамтамасыз етуге арналған, бұл өз кезегінде мемлекеттігімізді нығайтудың маңызды шарты болып табылады.
Өңірлерде Ассамблеяның барлық инфрақұрылымы, оның институттары мен Достық үйлері өз қызметін жалғастыратынын ескере отырып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету бағытында этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың жүйелі әрі сабақтас жұмысын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Қорытындылай келе, Қазақстанның Халық Кеңесі қазақстандық қоғамда қоғамдық келісімді, диалог пен өзара сенімді нығайтуда шешуші рөл атқаруға тиіс айрықша маңызды қоғамдық-саяси институт екені атап өтілді.