Тіл-береке мен бірліктің берік дәнекері

0 38

Қаламыздағы Достық үйінде қазанның жетісі күні «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ауқымды ашық алаң (форум) өтті. Жамбыл облысында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл басқосу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оның қоғамды ұйыстырушы рөлін арттыруға және әртүрлі этнос өкілдері арасындағы алтын көпірге айналуына бағытталған.
Іс-шараның шымылдығы өңірлік Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхановтың алғы сөзімен ашылды. Ел ағасы қала мектептері арасында «Қазақстан халқы ертегілері» кітабы желісімен байқаулар жарияланса деген ұсынысын білдіріп, осылайша жас жеткіншектер арасында мемлекеттік тілдің насихатталуын арттыру керектігін айтты.
Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің мәртебесі мен оны дамытудың құқықтық әрі әлеуметтік кепілдіктері туралы айтқан бейнеүндеуі көрсетіліп, өңірдегі білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық қорғау және спорт саласының өкілдері мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданудың нақты тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтсақ, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры Мендібай Әбілұлы тілдің ғылым мен білімдегі орнына тоқталса, №26 орта мектептің директоры Тарас Леоненко мектеп қабырғасында қазақ тілін міндетті пән ретінде емес, балалардың еркін араласып, достасуына мүмкіндік беретін табиғи орта ретінде қалыптастыру тәжірибесін ортаға салды. Жас блогер Анель Каубева әлеуметтік желідегі сапалы әрі қызықты қазақша контенттің жастар талғамын қалай өзгертіп жатқанын бейнематериал арқылы көрсетті. Жиында бұдан өзге де спикерлер мемлекеттік тілдің қолданыс аясы туралы өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар заманауи технологиялардың әлеуеті туралы сөз қозғаған спикер Евгений Кравчук қазіргі таңда қазақ тілін меңгеруге арналған онлайн платформалар, мобильді қосымшалар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін таныстырды.
Ашық алаңның салтанатты бөлігінде мемлекеттік тілді дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге және қоғамдық келісімді нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Елге, тілге деген құрметтің белгісі ретінде Елена Борисевич, Алла Гусева және Иван Пономарёвке арнайы «Тіл жанашыры» лентасы табысталды. Сондай-ақ бірқатар белсенді азаматтарға Алғыс хаттар берілді.
Форум соңы Дамир Рахымбердиев пен Нұргүл Абдрашова шырқаған әндерге ұласып, әсерлі музыкалық тартумен түйінделді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.