Елімізде Орталық Азиядағы алғашқы халықаралық туризм университеті ашылады

0 4

Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен туристік саланы дамыту атты үкімет сағатында мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі BNews.kz сайтына сілтеме жасап.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәжіліс қабырғасында 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның туристік саласын жетілдіруге қалай әсер ететіні туралы баяндады. Ол үшін шамамен 1,5 трлн теңге қажет, оның 30%-і мемлекеттен, ал 70%-і жеке инвестициялардан бөлінеді. Осыған сәйкес ішкі және сыртқы туристер санын 4,2 есеге, яғни жылына 3-тен 13 миллионға дейін арттыру, 60 мың жаңа жұмыс орнын құрып, 6 млрд доллар инвестиция тарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша қызмет көрсету стандарттарын жетілдіріп, кадрлық қамтуды жүзеге асырады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес (Австриядағы Зальцбург мектебі, АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университеті, БАӘ, Швейцариядағы білім мекемелері, Гонконгтағы туризм менеджменті жоғары мектебі) әлемдік деңгейдегі диплом беретін Орталық Азиядағы алғашқы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетін ашамыз», — деді министр.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Қазақстанның әлемдік және аймақтық туризм өсімін арттырып, ЖІӨ құрылымындағы туризм үлесін 2023 жылға қарай 1-ден 8%-ке жеткізу, туристік салада жұмыс істейтін адамдар санын 650 мыңға дейін арттыру, сыртқы туристер ағынын 6,5-тен 9 миллионға, ал ішкі туристерді 4,6-дан 8 миллионға дейін жеткізу, Қазақстанды туризм саласы бойынша жетекші 30 елге енгізу жоспарланып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.