18 жылда елдегі машина жасау саласының өндіріс көлемі 24 есе өскен. Бұл туралы машина жасаушыларының VII форумында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Осыдан 10 жыл бұрын отандық автокөліктер мен пойыздарда жүреміз, отандық техникамен астық егіп, орамыз, пайдалы қазбалар мен мұнайды отандық қондырғылармен өндіреміз деп армандай да алмайтын едік. 10-15 жылдың ішінде отандық машинажасау саласы құранды қосымша бөлшек шығару деңгейінен тұтас техника өндіретін деңгейге шықты. Тепловоздар мен электровоздар, жолаушы және жүк вагондары, жеңіл және жүк көліктер, автобустар мен комбайндар, сорғылар мен жеделсаты сияқты жоғары технологиялық өнімдер қазір өзімізде шығып жатыр. 2000 жылдан бері салада үлкен серпіліс болып, өндіріс көлемі 46 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге өсті. Осылайша 18 жылдың ішінде 24 есе өсім тіркелді», — деді Мейрам Пішембаев.
Еске салсақ, Нұр-Сұлтанда Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтіп жатыр. Форумды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ұйымдастырған. Биыл форум «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері» ұранымен өтеді.
Жыл сайын форумға Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай секілді ірі 20 мемлекеттің делегаттары қатысады. Осылайша, отандық кәсіпорындар елден шықпай-ақ шетелдік әріптестерімен кездесу өткізуге мүмкіндік алады.