Білікті ұстаз – мектеп әлемін өзгертеді

0 32

Нұр-Сұлтан қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Мектеп әлемін өзгертетін ұстаздар» атты XI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының алғашқы күні қортындыланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Алқалы жиында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған екі мыңнан астам педагог бас қосты. Олардың қатарында Қазақстанның әр өңірінен келген мұғалімдер, ғалымдар, білім беру мекемелерінің басшылары, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Норвегия, Нидерланды, Франция, Жапония, Сингапур, Гонконг, Вьетнам, Австралия, Испания, Ресей, Түркия, Армения сынды тағы басқа шет елдерден білікті сарапшылар келді.
Конференцияның ашылу салтанатына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мұғалім мамандығының маңыздылығына тоқталды:

Жаһандық әлемде болып жатқан өзгерістер өмір бойына білім беру принципін қабылдауды қажет етеді. Мұғалімдеріміз тек жаңарып қана қоймай, балаларды болашаққа дайындау үшін өзгелерден бір қадам алда жүруі керек. Педагог – заманауи әлемде ең маңызды мамандықтардың бірі, – деді Елорда әкімі.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрдің атынан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұжымына ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. Пленарлық отырыстың екінші бөлімі «Өзгермелі әлемдегі мұғалім» тақырыбына арналды, онда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова және Израиль, Нидерланды мен Францияның жетекші білім беру ұйымдарының ғалымдары сөз сөйледі.

Айналамыздағы өзгерістердің себепкері жаңа технологиялар цифрлық әлемнен мүлдем алыс салаларға да еніп жатыр. Нарықтардың шекарасы жоғалып, өнімдердің өмірлік ұзақтығы қысқарып, бәсекелестік күшейіп, адамдарға қойылатын талаптар да өзгеруде. Қазір озық ойлап, озық әрекет ететін уақыт, — деді Күләш Ноғатайқызы.

Шара барысында Кембридж университетінің білім беру инновациялары орталығының директоры Коллин МакЛафлин, Израиль Бейт Берл колледжінің аға оқытушысы Йорам Харпаз, KidZania халықаралық білім беру бағдарламаларының директоры, балалар алдындағы еңбегі үшін Британ империясы орденінің құрметті офицері Гер Граус, Утрехт университетінің профессоры Тео Вуббельс (Нидерланды), Стэнфорд университеті Халықаралық дайындық бағдарламаларының атқарушы директоры (АҚШ) Рик Соммер сияқты белгілі сарапшылар мен ғалымдар және білім саласының басқа да әлемдік өкілдері баяндама жасады.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Зияткерлік мектептерге ерекше сый жасалды. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның Алматыдағы кластерлік бюросының білім бөлімінің жетекшісі Лина Бенете пленарлық отырыста «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидиноваға беделді «Wenhui Award 2019» сыйақысының сертификатын табыс етті.

Wenhui Award — университет пен мектеп арасындағы «Білім–2030» жобасын ілгерілету жолындағы серіктестікті дамытуға бағытталған сыйлық. ЮНЕСКО сыйлығы қазақстандық инновациялық мектептерге сапалы білім мен өмір бойы білім алуға ықпалдасатын университеттер мен мектептер арасындағы табысты серіктестік үшін, балалар мен жастарды өмірге, жұмысқа және жаһандық азаматтыққа бейімдеу жолындағы еңбек үшін беріледі.

Айта кетейік, NIS ЮНЕСКО-ның білім саласындағы сыйақысын иеленген Қазақстанның бірінші өкілі болып отыр.

Күн тәртібіне әлемдегі барлық педагогтарды толғандыратын мәселелер шығарылды: мұғалім – оқушы серіктестігі, жаһандық құзыреттілік, мұғалімдердің үздіксіз білім алуы, білім мазмұны мен бағалау, қолайлы білім беру ортасын құру, эмоционалды зияткерлікті дамыту және басқа да өзекті тақырыптар қамтылды.

Конференция тарихында тұңғыш рет елордалық Зияткерлік мектептердің оқушыларына арналған шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Калифорниялық колледж директоры Дана Шерри ертегілерді талдау арқылы жас тыңдаушылардың ойлау дағдысын арттырды.

Халықаралық конференцияны дәстүлі автограф-сесия жалғастырды. Көпшілікке шет елдерден келген сарапшылар өздерінің авторлық еңбектерін ұсынды. Заманауи білім беру, болашақ ұрпақты оқытуда тиімді тетіктерді пайдалану, педагогика саласының келелі мәселелері тақырыбында жазылған кітаптар лезде өз тұтынушысын тауып жатты. Шетелдік әдебиетке қызығушылар қатары қалың болды. Оқырмандар кезекке тұрып, авторлардан жарыса қолтаңба алды.
Жыл сайын халықаралық конференцияда тәжірибе алмасатын және зерттеу нәтижелерін ұсынатын Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің, педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өлшеулер және білім беру орталықтары қызметкерлерінің саны артып келеді.

Шараның екінші күні халықаралық қазылар алқасы «Үздік постер» және «Үздік мұғалім» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтап, марапаттайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.