ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 ақпанындағы Қазақстандағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. Мәселен, 2020 жылдың 6 қаңтарынан 4 ақпан аралығында елімізге 30 мың 2 адам келді.
«Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пунктерінің мамандары Нұр-Сұлтан және Алматы қаласындағы халықаралық әуежайларда — 21 мың 439 адамды, теміржол вокзалдарында – 399 жолаушыны тексерді», делінген хабарламада.
ЖРВИ белгісімен 94 адам көпшіліктен оқшау ауруханаға жатқызылды, оның 61 жазылып шықты, қазір стационарларда медициналық бақылауда 33 адам қалды.
«Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасын қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген.
Республикада терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған», делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұл жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан оқи аласыз және кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады.