Мұғалімдер үйде отырып жұмыс істейді — министр

0 0

Коронавирусқа байланысты мектеп мұғалімдері каникул кезінде үйде жұмыс істей алады. Оларға жалақылары толық төленеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының қызметін 16 наурыздан бастап тоқтаттық. Бұған оқушылар мен жасөспірімдер сарайы, музыка, көркемсурет, өнер мектептері және тағы да басқа білім беру ұйымдары жатады. Балалар бұл ұйымдарға бүгін барған жоқ. Елімізде дамыту орталықтары сияқты жеке меншік ұйымдар бар.

Ол жеке меншік болғандықтан біздің құзыреттілігімізде емес дегенмен ата-аналарға дамыту орталықтарына балаларды апармай, сәл күте тұруға кеңес береміз», — дейді Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте. Ол оқушылар қанша уақыт демалатыны туралы айтты.

«16 наурыздан 5 сәуірге дейін оқушылар көктемгі демалыста болады. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істейтін болады. Осындай уақытта мұғалімдер мектепте болып, сабаққа дайындық жұмыстарын, әдістемелік жұмыстарын жүргізетін. Қазіргі жағдайға байланысты біз тиісті шешім қабылдап, оны барлық директорларға жібердік. Шешімге сәйкес, мектеп мұғалімдері дайындық жұмыстарын үйлерінде отырып жүргізулеріне болады және жалақылары толық төленеді», — дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.