Ал кейбір сарапшылар «оған эпидемиологиялық жағдай емес, алдағы сайлау түрткі болуы мүмкін екенін» айтады. Коронавирус індетімен алысып жүрген дәрігерлерге, жалпы медицина саласы қызметкерлеріне сұрау салғанымызда, бұл туралы ашық айтудан бас тартты. Бірақ екеуара әңгіме барысында жоққа шығармады.
Ресми органдар мұны «фейк-ақпарат» деп отыр. Десе де, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бекер айтылмаса керек. «Билік індетті бақылап отыр. Егер күрт өршіп кетсе, қатаң шаралар қабылдауы мүмкін. Әзірге эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Сондықтан алдын ала бірдеңе деп айтуға болмас. Бастысы – халықтың амандығы», – дейді аты-жөнін атамауды жөн көрген бір дәрігер. Ал кейбір сарапшылар билікті қазір эпидемиологиялық жағдай емес, алдағы сайлау науқаны қатты алаңдатып отырғанын айтады.
«Билік алдағы сайлау кезінде оқиғалардың қалай өрбитініне қатысты бірнеше болжам-сценарийлер жасап қойған. Егер саяси науқан кезінде қандай да бір наразылықтар, түрлі акциялар ұйымдастырыла бастаса, оның алдын алатын жоспарлар жасалады. Бұған пандемияға қарсы шектеу шаралары таптырмас құрал. Оның үстіне, отыз жылдан бері желтоқсан айында билік үрейленіп, сақтық шараларын күшейтуді әдетке айналдырған. Сондықтан сайлау науқанында ірі қалаларда қысқа мерзімге блок-бекеттер қойылуы әбден мүмкін», – дейді сарапшылар.
Еске сала кетсек, наурыз айында да «Алматы облысы жабылады» деген қауесет тараған кезде билік органдары мұны жоққа шығарған-ды.
Айталық, ватсап арқылы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша блок посттар қойылады деген хабар тарап, бұйрықтың мәтіні де жарияланды. Ол құжатта қол қойылып, мөр басылмаған еді. Десе де, онда жабылатын жолдар, қойылатын блок посттардың нөмірі, онда тұратын сақшылардың аты-жөні, олардың көліктерінің маркасы мен нөмірлеріне дейін нақты көрсетілген болатын және бұған жауапты тұлға Еңбекшіқазақ ауданы полиция полковнигі Ж.Б.Алтынбаевтың телефон нөміріне дейін көрсетілген.
Сол нөмірге хабарласқанымызда, полковник Ж.Б.Алтынбаевтың өзі тұтқаны көтеріп, жолдардың әлі жабылмағанын, ватсап арқылы тараған ақпараттың фейк екенін мәлімдеген еді. Бірақ артынша қауесет шындыққа айналып шыға келді.
Сондықтан «Блок-бекеттер қойыла ма, жоқ па?» деген сұрақтың нақты жауабын алдағы жексенбі күндері алатын боламыз.