Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Бұл туралы 7-інші шақырылған Парламенттің алғашқы отырысында ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаев айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
«Біз құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Бұл – өте өзекті міндет.
Соған орай, Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу айрықша маңызды.
Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды.
Сол арқылы мемлекеттік аппарат барынша ықшам, ашық әрі тиімді, ал, шешім қабылдау үдерісі икемді және айқын болады.
Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат.
Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек.
Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар.
Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек.
Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс, — деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет екендігіне де тоқталды.
«Бұл мәселе жөнінде Жолдауымда нақты айттым. Біз азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгіземіз. Қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Парламент заң үстемдігі, адал бәсеке және жеке меншікті қорғау қағидаттарының құқықтық негізін нығайта түсуі керек. Сонда бұл қағидаттар мүлтіксіз орындалатын болады. Бүгінде бірқатар заңнамалық ұсыныстар бойынша жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен, әлі де көптеген тың бастама көтеріп, заңдар қабылдау қажет, — деді Мемлекет басшысы.