Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек. Бұл туралы 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
«Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ, елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді. Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады. Осы мақсатта электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланған абзал. Парламенттің заң шығарумен қатар бақылау функциясы да бар екенін білесіздер. Оның тиімділігі халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Осы аса маңызды құзыретті тиімді пайдалану қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмінің институционалдық негізін едәуір орнықтырады. Бұл менің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – жауапты Үкімет» деп аталатын саяси формуламмен үндесіп жатыр. Депутаттар халықтың мүддесін іс жүзінде қорғап, әрдайым табандылық танытуға тиіс» — деді Президент.