Аяқ киімнің жағымсыз иісі айналаңыздағы адамдарға ұнамайтыны бесенеден белгілі, ал сіздің абыройыңыз сол иіс үшін де төмендеп қалуы бек мүмкін. Тіпті ең қымбат делінген аяқ киімдердің де жағымсыз иісі болады. Ал ыстық мезгілде бұл қауіп төне түседі.
Иіс неден пайда болады?
Жағымсыз иіс аяқ киім егесінің көп терлейтіндігінен шығады. Көп уақыт жаяу жүргенде немесе ыстық температурада ағза суықтап, қысымға түскен бұлшықеттер сөл бөледі. Адамның аққан терінің 98 пайызы судан, ал қалған екі пайызы тұз, қышқыл, микроэлементтерден, гормондар мен холестериннен тұрады. Осы құрамдар өздіген жағымсыз иіс шығара алмаса да, ылғалды жағдайда бактериялардың «құрбанына» айналады. Сөйтіп, тер аяқ киім мен шұлыққа жаман иісті жұқтырады. Аяқтың сасымауы үшін оны таза ұстап, қажетті кезде аяқ киімді тазалап тұру керектігін бізсіз де білесіз.
Аяқты таза ұстаңыз
Қаншалықты жауыр естілсе де, аяқты бір күнде бір рет сабындап жуып тұруыңыз керектігін айтуымыз қажет. Ал жуып болған соң аяққа арналған орамалмен, әсіресе башпай арасын жақсылап сүртуіңіз керек. Егер аяғыңыз жиі терлейтін болса салицил мен тальк сеуіп, дезодарант шашыңыз. Бұл құралдар бактерияларды өлтіреді. Сонымен қатар, аяқты шаймен, емен қабығымен, лимон қышқылымен және ас содасымен жуып-шайып тұрыңыз.
Тер көп жүріп, күннің ыстығы кезінде ғана шығады десеңіз де қателесесіз. Олармен қатар адамның стресстік жағдайларға да душар болуынан аяқ терлеп, жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Денеңіз терлеп, душқа түсетініңіз сияқты, аяқтың да терлеген кезінде жуып тұруыңыз міндетті. Ол үшін жұмыста киетін, үйде киетін аяқ киімдер мен шұлықтарды бөлек алып жүріңіз, оларды жиі ауыстырып тұрудан да ерінбеңіз.
Егер аяғыңыздың терлеуіне қарсы жасалған шаралардың ешқайсысы да пайда әкелмесе дәрігермен кеңесіп, қажетті препараттар сатып алыңыз. Жағымсыз иіс ауруға шалдыққанның көрсеткіші болуы да мүмкін.
Аяқ киімдегі шуаш иісті қалай тазарту керек?
Аяқ киімге көң иіс сіңіп қалғанда жалғыз гигиеналық шаралармен шектеліп қалуға болмайды, онымен бірге аяқ киім тазалығына да көңіл бөлу керек. Бірінші кезекте аяқ киімнің ұлтарағын ауыстырыңыз. Ең көп бактерия сол ұлтарақта жиналады. Ал кейбір аяқ киімдерді: кроссовка мен кедаларды жууға да болады. Ал басқа аяқ киім түрлерін ылғал шүберекпен дұрыстап сүртіп шығыңыз.
Аяқ киімнің иісі қатты сіңіп, жәй ғана жуудан кетпей қойса сірке суын сумен араластырып біраз уақытқа салып қойыңыз. Марганец, сутек тотықтарымен, тіпті болмаса формидронмен ішкі бөлігін сүртіңіз. Етіктің шуашын кетіру үшін оның ішіне тотықты құйып, ол көбіктеніп болған соң төгіп тастап, кептіріңіз. Ал көк шайдың микроорганизмдерді өлтіретін қасиеті бар. Қайнатылған суға көк шай салындысын салып, аяқ киім ішін жуыңыз. Осы шаралардан кейін аяқ киімді жақсылап кептіріңіз. Мұсатырлы спиртпен де аяқ киімді тазалауға болады. Бірақ үй ішінде иіс болмауы үшін далаға барып тазалағаныңыз жөн.
Сулы процедуралардан бас тартсаңыз, құрғақ жасалатын тазалау әдістеріне сүйенсеңіз болады. Полиэтилен пакетіне аяқ киімді орап, тоңазытқыш ішіне салып, бір күн күтсеңіз де иіс кетуі керек. Бірақ лакталған аяқ киімдерді суыққа салуға болмайтынын ескеріңіз.
Таза ұстаудың амалдары
Әлдеқайдан келгеніңізде аяқ киімнің бауын ағытып, ашып қойғаныңыз жөн. Сонда оның ішіне ауа кіріп, жағымсыз иісті кетіретін болады. Сонымен қатар, бір аяқ киімді құтты күні кие бермеу де керек. Аяқ киімді шешкен соң оны бірден аяқ киім сөресіне немесе қорапқа салмаңыз. Шұлықты да кроссовка ішіне салып қоюға кеңес бермейміз.
Аяқ киімді күніне бір рет тазалап қойыңыз, тұратын сөресін де желдетіп, жуып тұрыңыз.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz