Жаңа жылға көбіне бір қорап конфет пен шампан сыйлайды. Әлбетте, мұндай сыйлық та жақсы, бірақ кішкене фантазияңызды қоссаңыз бұл екі сыйды біріктіріп, оригиналды тарту ұсынуға болады. Мысалы, конфеттерден ананас тәріздес шампан қорабын жасау. Оны қалай істейміз?
Ол үшін сізге:
2 бет сары тишью қағазы;
1 бет жасыл тишью қағазы;
1 дана шампан;
жылтыр қағазды 48 дана конфет;
рафия жібі;
терможелім;
желімді термопистолет қажет.
Жасалуы:
Ең алдымен сары түсті тишью қағазын бірнеше бөлшекке 7-де 7 сантиметр квадрат етіп қиып аламыз. Осыны жасап болған соң конфеттерді алып, тегіс жағына желім жағып сары қағаздардың дәл ортасына орналастырып жабыстырамыз.
Квадраттардың шет-шетін конфеттердің үстіне қарай майыстырып, тағы тегіс бетіне желім жағып, шампан шөлмегінің төменгі жағына жабыстыра бастаймыз. Әдемі әрі жинақы көріну үшін конфеттерді шахмат тәртібі бойынша жақын жабыстыру керек.
Шөлмекті төменгі жағынан бастап, жоғары қарай конфетке толтыра желімдеу қажет.
Кейін жасыл қағазды алып, ананас жапырақтарын кесіп аламыз. Пішіні сопақ әрі ұзын болуы қажет. Жапырақтарды кесіп алған соң бірнеше қабаттап желімдеп, шампан шөлмегінің бас жағына жабыстырамыз.
Шөлмектің мойнын рафиямен орау ғана қалды. Осылайша ананасымыз шын ананасқа ұқсайтын болады.
Ерекше сыйлығыңыз дайын!
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz