Жаңа Жыл: Не сыйлаймын?

0 11

Жаңа жылан жылының табалдырығымызды аттауына да көп қалған жоқ. Ал біз әлі жақындарымыз бен туыстарымызға қандай тарту сыйлайтынымызды ойлап та жүрген жоқпыз. Жаңа Жыл іргемізге келіп ап, барлық мерекелік шаралар мұрнымызға тақалған тұста сыйлық алып үлгере де алмаспыз. Сондықтан жақындарыңыздың сәл болса да көңілінің көтеріліп қалуына себепкер болғыңыз келсе, мына мақаланы мұқият оқып шыққаныңыз абзал.

Тек сыйлықтың шын жүрекпен табысталуына көңіл аударыңыз. Бағасы мен сапасынан гөрі, жүректен берілгені ескерілсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Ең алдымен сыйлық адамның әлеуметтік жағдайына, не нәрсені ұнататынына, қызығушылығына, кәсібі мен жасына байланысты таңдалғаны дұрыс. Тым қымбат сыйлық сыйлаудың қажеті жоқ. Өйткені сыйлықты алушы адамның әлеуметтік жағдайы төмендеу болса, онда ол сізден алып тұрған сыйлықты қайтадан қайтаруды ойлап қысылады.

Жұмыстағыларға сыйлық жасағым келіп жүр еді…
Бастығыңызға немесе әріптесіңізге мына сыйлықтарды сыйлаушы болмаңыз: іш киім, киім, косметика және парфюмерия. Оның орнына былғарыдан жасалған бұйым, кеңсе жабдықтары, кәмпит толы қорап, кітаптар, дисктер, өсімдіктер, маникюрлік жиынтық, керамикадан жасалған мүсінше сыйлаңыз.

Басқа, басқа, құрбымды сыйлықсыз қалдырмауым керек!
Жақын құрбыңызға оның сүйікті әтірін, косметикалар жиынтығы, сурет салғыш пен оның арманындағы қол сөмке сатып әперсеңіз болады. Егер сіздің құрбыңыз ас дайындағанды ұнататын болса, оған ас мәзірлері бар кітап сыйлағаныңыз дұрыс. Онымен қоса, жылтыраққа қызығатын құрбыңызға сәнді әшекей бұйымдарын сыйлағаныңыз жөн.

Ал ата-анамызға не сыйлаймыз?
Ата-аналардың көпшілігі сыйлықтың сапасынан гөрі санына қызығады. Анаңызға әдемі мойынорағыш, шәлі, жылы орамал, әтір, қолғап сыйлаңыз. Егер ол қалпақ жақсы көретін болса, онда оған оның арманындағыдай керемет қалпақ сатып алып беріңіз. Сонымен қатар, оған кез келген асхана жабдығын тарту етсеңіз, артықтық етпейді. Анаңыздың әйел адамы екендігін ұмытпаңыз. Сондықтан оған өзін үй шаруасындағы адам екендігін сезіндіретін сыйлықтар ұсыныңыз. Оған шәй мен кофеге арналған ыдыстар жиынтығы мен әдемі бокалдар сыйлауыңызға да болады.

Әкеңізге қырынуға арналған жиынтық, ұстара аспаптарын сыйлаңыз. Олар жақсы кітаптар, қағаздар мен құжаттарды салып жүруге ыңғайлы дипломаттан да бас тартпайды.

Айтпақшы, айтуды ұмытып барады екенбіз. Әкеңізді қуантудың біз тағы бір жолын білеміз: Ол қандай хоббимен айналысады? Балық аулай ма? Әлде жиі аңға шыға ма? Әйтпесе футбол алаңында көп уақытын өткізе ме? Ендеше оған өзі сүйіп шұғылданатын ісіне байланысты зат сыйлағаныңыз дұрыс-ақ.

Атам мен әжеме ше?
Оларды көбіне қабырға сағаттары мен қабырға суреттері қызықтырады. Сонымен қатар, жылы халат пен жайлы сүйретпеден да бас тартпас. Ыстық-ыстық тілектер жазылған мерекелік ашық хат жолдау арқылы бала көңілді қарттарды бір шаттандырып алуға әбден болады. Ал атаңызға әкеңізге сыйлаған сыйлықтарды сыйласаңыз, ешқандай да реніш орнамайды.

Сыйлық таңдау үшін тек өз талғамыңызбен ғана санаспаңыз. Сізге ұнамайтын зат сіздің құрбыңызға, не анаңызға ұнауы әбден мүмкін. Сондықтан оларға ұнайтын сыйлық таңдауға тырысыңыз. Бастысы — алған дүниеңіз сыйлықты қабылдаушы адамның керегіне жарап, көңілін көтерсе, болғаны. Қолдан жасалған сыйлықтар да оларды қуантарына шүбәміз  жоқ.

Ендеше, дүкенге қарай асығыңыз!

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.