Үйленсек дейміз

0 2

Күн жылынып көктем шыққалы, қала көшелері мен парктерден үйленіп жатқан жастарды көптеп көруге болады. Соларға қарап сіз де биыл сүйгеніңізбен бас қосып үйлену тойын өткізсем ғой деп жүрген шығарсыз. Әлде өміріңіздегі үйлену тойы деген ерекше оқиғаны өткізіп, енді сол кезді тек еске алып қана жүрсіз бе? Олай болса,  екі жас өміріндегі маңызды шешімдер мен ерекше сәттерге толы осы кезге қатысты өз тәжірибеңізбен бөлісе отырыңыз. Ал менің көрген-білгенім мен айтарым мынадай:

                    

              Жігіттерге

1)    Сүйгеніңізді екі ойлы жағдайға қалдырмай, ыңғайын тауып үйлену туралы ұсынысыңызды көп ұзамай білдіріңіз. Себебі уақыт өткен сайын араларыңызда түрлі түсініспеушілік пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ, некелеспей тұрып зина* жасау қаупі де уақыт өткен сайын арта түседі. Ал бұл әлбетте құптарлық іс емес.

2)     Отбасын құру ниетіңізді туған-туыс, дос-жарандармен бөлісіп, оны атап өту үшін үйлену тойын жасайтыныңыз анық. Той дегенде ең алдымен қаражат мәселесі алға шығады. Ал оны қалай шешеміз? Кредит?! Жоқ!!! Мүмкін шақыратын адамдар санын азайтасыз, мүмкін қымбат емес тойхана табасыз немесе көлігіңізді, атаңыз кезінде сыйлаған бір ірі қараны сатасыз, әйтеуір ерлік жасап, несиесіз той өткізіңіз. Бұл – ең алдымен өзіңізге, болашақ отбасыңызға жақсы. Оған қоса сіз осы уақытқа дейін ай қарап жүрмеген шығарсыз. Күндердің бір күні той жасаймын деп жиған-тергеніңіз де бар болар.

3)     Той қарсаңында түрлі шаруалардың көбейіп кететіні рас. Соған қарамастан өзіңіздің тойдың басты кейіпкері екеніңізді ұмытып кетпеңіз. Жігіттердің сырт келбетіне қатысты басты нәрсе ол – жарасымды кастюм-шалбар. Оны алдын ала асықпай таңдап қойыңыз. Түрлі шаруалармен ары-бері жүгіремін деп тура той болатын күнге дейін қалдырмаңыз. Ондай болуы мүмкін емес дерсіз. Дегенмен өмірде болған жағдай: АХАЖ-ға баруға бір-екі сағат қалғанда күйеу жігіт дүкенде киім таңдап жүріп қалған.)

*Зина – қыз бен жігіттің, ер мен әйелдің некесіз, үйленбестен жақын қарым-қатынасқа түсуі. Мұсылман шариғаты бойынша үлкен күнә; адами тұрғыда айыпталатын іс.

           Қыздарға

1)    Ұнатып жүрген, өзіңіз жақсы танитын жігітіңіз үйлену туралы ұсыныс білдірді ме? Онда ең алдымен ата-анаңызбен, аға-әпкелеріңізбен ақылдасыңыз. Қалай болғанда да ол кісілер өмірді көрген, адам тани алады әрі сізге тек жақсылық тілейді. Сосын келісім беріп жатсаңыз, бірден некенің АХАЖ бөлімінде заңды түрде тіркелуін талап етіңіз. Бұл жігіттің де, сіздің де некеге жауапкершілікпен қарайтындықтарыңызды білдіреді.

2)    Қыз ұзату тойын жасамай-ақ қойсаңыз да болады. Менің айтып отырғаным – айырмашылығы тек қана көйлектің түсінде болатын, ал қалғаны, яғни сценарийі, айтылатын әндер мен әзілдер, жасалатын жоралғылары (мысалы,торт әкелу) үйлену тойымен бірдей болып өтетін ұзату тойы. Көресіз ұзатылып кеткен соң бір-екі аптадан кейін жігітіңіз де дәл сондай той жасап береді. Ал екі біп-бірдей тойдың соншалықты не қажеті бар?!

3)    Аппақ, әдемі той көйлегін кию – әрбір қыздың арманы. Бірақ ерекше, сәнді деген осы екен деп алды не арқасы тым ашық немесе иығы мен жеңі жоқ көйлек киген қалыңдыққа қызыға қараудың орнына, оған қараудың өзіне ұялатын сияқтысың. Әсіресе, беташар кезінде бүкіл жиналған қауымды жартылай жалаңаш келінге қаратып қойған кім кінәлі, білмедім. Қыздың өзі ме? Оның жолдасы ма? Жоқ, әлде сол әулеттің үлкендері ме? Не де болса, айтайын дегенім көйлек таңдағанда сән мен қоса қарапайымдылық пен сыпайылықты ескергеніңіз жөн.

Үйлену тойына қатысты айтылар нәрсе, әрине, бұл ғана емес. Жоғарыда айтылғандардан керегін алып, керек емесін басқа пайдалы кеңестермен алмастыра жатарсыз. Ең бастысы, үйлену тойы – «жаным», «күнім» деген тәтті сөздер мен шаттыққа толы кездердің аяқталған күні емес, ал шынайы махаббатқа толы бақытты да баянды өмірдің бастауы болсын.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.