Сізде болуы керек тізімдер

0 2

Адами фактормен көп дүниелер естен шығып жатады. Бір кездері естіп не ойлап, кейін еске түсіре алмайтын сәттер де болады. Бұл жазба сізге көмектесері анық. Оқып, қай тізімнің сізде барын не қайсысын бастап жазатыныңызды пікірге қалдырыңыз.

1. Сапарға дайындық тізімі

Бұл тізім саяхатқа сирек шығатын жандарға арналады. Шабаданға не салуға болады, не салынбайды – есте тұрмайтын дүние. Сол үшін параққа тізімдеп жазып қойған абзал. Мәселен, телефон, электронды оқулық, қуаттағыштар, құжаттар, дәрі-дәрмек деген тәрізді. Сапарға шығар алдында тізімге көз салып, тағы да толықтырып отырасыз.

2. Жетістіктер тізімі

Өз жетістігін, ерлігін ұмытпайтын, өз-өзіне марқайып жүретін жандар бар. Бағындырған шыңын көрмейтін, тек қате басқан тұсы мен кемшілігін ғана ойлайтын адамдар да жетерлік. Олар өз күшіне сенімсіз болады. Олар Эвересті де бағындырса да, сол шыңда өзін жолы болмайтын, аяғын сәтсіздік шала беретін, “сорлы” адам сезініп тұруы да ғажап емес. Сол үшін өзін “айнадан” жетістігі бар адамды көргісі келсе, жеткен жетістігін жазып жүргені дұрыс. Марафон жүгіргені, Абай шыңына шыққаны, аяғы сынған қараусыз жүрген итті емдегені, қарттар үйіне, жетімдер үйіне көмектесетіні – мұның бәрі жетістік. Тек қызметтік мансапта не оқу барысындағы сәтті сәттер ғана емес.

3. Сыйлықтар тізім

Бір танысыңыз әңгіме барысында бір кітапты сатып алғысы кеп таппай жүргенін айтып қалды делік. Бір құрбыңыз жақсы көретін әншісімен кездескісі не концертіне барғысы келетінін айтсын. Ал енді бір бауырыңыз “күшігім болғанда ғой” деп айтсын дейік. Мұның бәрін қойындәптеріңіздің бір бетіне “сыйлықтар” деп бөлім ашып, тізім жазып жүрсеңіз, туған күн, мерекелерде сыйлық алу кезінде шаршамайсыз.

4. Киім-кешек тізімі

Стилистердің киім-кешегік реттеп беретін қызметі бар ғой. Олар сіздің киімдеріңізді зерттеп, қайсысын тастап, қайсысын қай киіммен үйлестіріп киюге болатынын айтып береді. Сіз де жасай аласыз. Бар киіміңізді үйлестіріп, жетіспей тұрған ақ бәтеңкені алу керегін түсінесіз, жазып қойыңыз. Әдемі пальтоңыз бар, әдетте бөрікпен киіп жүрсіз. Қалпақпен кисеңіз, Прованста жүргендей сезінетін шығарсыз, мойныңызда жібек мата байлап, көзіңізге дәу күннен қорғайтын көзілдірігіңіз бар. Әдемі образ сияқты. Осылардың ішіндегі сізде жоқ қалпақ пен әлгі көзілдірікті тізімге жазып қойыңыз.

5. Ерекше тағам рецептісі

Күнделікті дайындалатын тағамдардың рецептісі үнемі есіңізде жүреді. Ал ерекше, уақыт пен көңіл бөлуді қажет ететін тағамдарды күнде жасай бермейсіз, мысалы, рататуй не нан ішіндегі палау. Сол үшін керек азық-түлік пен жасалу әдісін жазып жүрген артық болмайды. Әрі отбасы мүшелері “бұл жолғы былтыр жасаған ханпалау сияқты емес, сәл майлылау ма?” деген пікір айтпайды.

6. Менің идеал жағдайым

Жұмыс орнын ауыстырдыңыз не басқа қалаға/елге көштіңіз. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыру механикасы автоматты түрде іске қосылады. Бұрынғы ортаңыз қандай еді, не ұнап, не көңілден шықпады? Жұмыс орныңызда жаңа басшылыққа керек дүниеңізді сұрап көріңіз. Мәселен, “маған өз компьютеріммен жұмыс істеген ыңғайлы болушы еді” деген тәрізді. Ал жаңа үйге көшкенде сізде бұрынғы өзгерту мүмкіндігі бар. Мысалы, үйдің ішін жаппай ақ түсте болғанын қаласаңыз, ақ түсті заттар аласыз. Сондай ерекше, өзіңізге жайлылық беретін немесе керісінше “ішкі жарақаттарыңызға” әсер ететін дүниелерді жазып отырсаңыз, жаңа орта соны негізге алсаңыз, сіңісіп, үйреніп кету тез болады.

7. Күнделікті атқарылуы тиіс дүниелер

Смартфонға күнде жасау керек дүниелерді белгілеп отыратын қосымшалармен де жұмыс істеуге болады. Жатын орынды жинау,медитация жасау, жуыну, таңғы ас, жұмысқа/сабаққа дайындық деген секілді естен шықпауы тиіс дәстүрлі іс-әрекеттерді күн жоспары ретінде жазып отырған абзал. Егер сіз күніне 15 минут испан тілін оқуды жаңадан бастасаңыз, тізімді жаңалап отырасыз. Уақытты үнемді әрі өнімді өткізуге қолайлы.

8. Дәрі-дәрмек тізімі

Үйдегі дәрі-дәрмек жинайтын қорабыңызды тексеріп, керек-керек емесін реттеу керек. Олардың сақтау мерзімін де параққа жазып, сол қорапқа салып қойсаңыз, бітіп қалғанын жаңалап отырсаңыз, өзіңізге ыңғайлы болады. Дәрігер жаңадан керек дәрілер тізімін берсе, қораптағы тізімнен іздеп, сәйкестіргенге тиімді.

9. Ауруханаға не төтенше жағдай кезінде керек заттар тізімі

Бұл тізім көзге көрінетін жерде тұрғаны дұрыс. Аяқ асты ауруханаға жататын болсаңыз, не төтенше жағдай туындап, эвакуация жасау керек болса, керек дүниелерді тез-тез жинап алуға септігі тиетін тізім. Дәрі-дермек қорабы, ауыстыратын киім, қолшам, қуаттағыш, құжаттар (құжаттар мен жадылар (USB-тасымалдаушы, қатты диск) бір папкада сақталғаны дұрыс) тәрізді заттарды тізімге жазылуы тиіс.

10. Әр жыл мезгілінде жасап үлгеру керек

Жылдың төрт мезгілінде ерекше эмоция мен табиғат көркіне тамсану керек. Мәселен, күзде жауын астында билеу, жәрмеңкеге шығу, глинтвейн шайын ішу, қыста “Хәрри Поттер” кітабын оқу, қар бетінде періште жасау, жазда күннің қызарып батқанын не жұлдыз аққанын бақылау, көктемде бүршік жарған алма не сирень талдарының арасында суретке түсу деген жанға жылы естеліктер сыйлайтын дүниелерді жазып қойыңыз. Сонда осы демалыста не істесем екен деп әуреге салынбайсыз.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.