Түшкіру – адам ағзасындағы еріксіз реакция. Сол арқылы тыныс алу, мұрын-құлақ жүйесі тітіркендіргіштерді сыртқа мұрын арқылы шығарады. Бұл табиғи процесті тұншықтырмай, сыртқа шығарып тастаған маңызды, ал оның этикет ережелеріне сай тәсілін қолдану одан да маңызды. Назарыңызға Healthline платформасының авторы Эмили Кронклетонның түшкіру этикетіне қатысты жазбасынан үзінділер ұсынамыз.
Адам әдетте мұрнын қос алақанымен жауып түшкіреді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Түрлі тітіркендіргіш пен микроб қолға жұқса, жан-жаққа тарап кетеді. Мұндай жағдайда дереу қолды жуу керек.
Ең дұрысы – майлық не орамалға түшкіру. Тек осылайша өзге адамдарға құрмет көрсетуге болады. Майлық немесе орамал болмаған жағдайда ең оптимал нұсқа бар – шынтаққа түшкіру. Алақан немесе орамалға қарағанда микробқа шынтақтың ішкі иілген тұсы көбірек тосқауыл болады.
Біреу түшкіргенде «Сау бол!» деп айтылып жатады. Оны тек жақын, танитын адамға ғана айтқан жөн. Ал іскерлік ресми кездесуде және қоғамдық орындарда танымайтын адамдар түшкірсе, мән бермей, ештеңе болмағандай назар аудармау керек. Себебі біреуге «Сау болыңыз!» деп жақтырмаған көңіліңізді білдіріп қоюыңыз мүмкін.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz