Күнде кешкісін біздің аулада жас сәбиді көтеріп жүрген жас келіншекті көретінмін. Жуықта есік алдында дем алып отырып, сол келіншекпен кездейсоқ ұшырасып қалдық. Әдеттегідей, кішкене баласын көтеріп жүр екен. Жүзінде әлденеге деген реніш бар сияқты көрінген ол қасыма отыра бере ауыр күрсінді. “Кішкене баланы бағу қиын ғой, бірақ олардың қылығы сондай тәтті” дедім мен аз-кем отырғаннан кейін. Иә, бірақ баланы әкесіз, жалғыз өзің бағып-қағу одан да қиын деді ол тағы кейісті үнмен. Мен не дерімді білмей үнсіз қалдым. Әлгі келіншек болса, ішкі мұңын бөліскісі келді ме, өзінің баянсыз өмірі жайында әңгімелеп кетті. – Осыдан бір жыл бұрын жолдасым екеуміз отау құрып, отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығына толы кезеңін бастап кеттік. Жолдасым отбасындағы жалғыз ұл болғаннан кейін біз оның ата-анасымен бірге тұрдық. Ата-ененің қолында тұрғаннан кейін олардың көңілінен шықсам екен деп ойлайсың. Жас болғаннан кейін бір мінезім жақпай қала ма деп уайымдап та жүресің. Тап ойлағанымдай уақыт өте келе енемнің менің бойымнан іздеген міні көп болды. Басында, шынымен дұрыс жасамай жүрмін-ау деп істегенімнің бәрін қайта жасап, енемнің айтқанын екі етпедім. Бірақ, неге екенін білмеймін, қаншалықты ол кісінің көңілін табуға тырысқанмен, бәрі керісінше шықты. Тіпті жолдасым маған ренжіп, кейде жанжал шығаратын болды. Сол аздай, енем де отқа май құйып, сыртымнан мені күйеуіме, көрші-қолаңға жамандап жүретін көрінеді. Осылай жүргенде нәрестелі болдық. Немересін қолына алғаннан кейін маған деген көзқарасы өзгеретін шығар дегенмін. Бірақ, олай болмады. Ата-анасын тастап кетпейтінін білсем де, мына жағдайдан әбден мезі болғаннан кейін мен жолдасыма бөлек шықсақ қалай болады дедім. Менің айтқаныма ол үзілді-кесілді қарсы болды. Арада ұрыс-керіс көбейді. Ақыры, шеті мен шегі жоқ осы ұрыс-керіс екеуіміздің ажырасуымызға себеп болды. Осыдан екі-үш ай бұрын сот алдында ажырасып тындық. Менің оқиғам осы деді ол көзіне жас алып. Келіншектің әңгімесін естіп жағамды ұстадым. Шынымен де өз келініне күн көрсетпейтін енелер бар ма? Осы жайлы бір апайға айтсам, “Е, қарағым, қазіргі келіндер енесін екі бүктеп бір шайнайтын қасқалар ғой. Менің білуімше, бар пәле әлгі жас келіншектің өзінде жатқан сияқты” дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз? Тіпті келіні кінәлі болған жағдайда да әлгі ене бейкүнә сәбидің, туған немересінің обалына қалудан неге қорықпайды? Бірі ересек, бірі жас екі әйелдің кесірінен бала неге тірі жетім болуға тиіс. Мұндай жағдайда не істеген жөн? Осы жөнінде ой бөліссеңіздер, яғни отбасын аман сақтауға мүмкіндік беретін ойларыңызды ортаға салсаңыздар, ол қыз-келіншектерге өте пайдалы болар еді. Жасыратын не бар, бүгінгі көптеген аналар өз қыздарына бұл жөнінде жартымды кеңес айтпайтынын көріп жүрміз ғой… Ә.Әспет, студент. ШІРКІН, ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНДЕРІ-АЙ! “Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі” деп ұрпағынан жақсылық күтіп отыратын халықпыз. “Қыз бала жат жұрттық” дегенді атам қазақ бекерге айтпаған. Жас қыз ертең-ақ бойжетіп, бәлиғатқа толып, бір үйдің табалдырығынан келін болып аттары сөзсіз. “Келіннің аяғынан” деп барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз барған жеріне “тастай батып, судай сіңіп” ауыл аймаққа қадірлі болып кетеді. Жас келіннің көтерер жүгі ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңілі, қайын інілерімен тіл табыса білу де келін үшін үлкен сын. Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның ішінде ат тергеу салтының орны ерекше. Ұлт дәстүрі бойынша, келін атасының, енесінің, қайын аға, қайын сіңлісінің, қайнысының атын атамай, “төре аға”, “мырза аға”, “тентегім”,“серім”, “еркем”, “ақ әже”, “сырғалым” және т.б. деп ат қояды. Күлкілі аттарды да қоя береді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Иә, ат тергеу – біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Бұл ең алдымен келінге, содан барып оның артындағы жұртына сын. Себебі, осы салт арқылы, келіннің ибалылығын, қайын жұртының тектілігін тануға болады. Қазақта “Қайын аға иманды болса, келін ибалы болар” деген сөз осыдан қалса керек. Әрине, көпке топырақ шашпайсың, бірақ та бүгінгі таңда бұл дәстүрді бірі ұлық тұтып жатса, бірі оның ұлылығының байыбына бара алмай жатқан сыңайлы. Оң жақтағы қыз баланы ертеңгі күнгі келін, ерін сыйлар адал жар, мейірімді ана, ақыл айтар жеңге, тату болар абысын деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыту оңай іс емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ ана, Зере мен Ұлжан анамыздың салып кеткен сара жолы. Жаңа шаңырақ табалдырығын аттаған келіндерін ата-бабаларымыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұрпағын өрбітіп-өркендететін ырысы, құт-берекесі санаған. Егер жас келін өз басының тазалығы мен жарасымдылығын сақтаумен қатар ұстаған үйі, қазан-аяғына дейін мұнтаздай кіршіксіз болып, әрі он саусағынан өнері тамған ісмер, бармағынан бал тамған аспаз болса, нұр үстіне нұр. Ондай келіні бар үй көпке үлгі , ауылға сыйлы болады. Үлкендер құрмет тұтып, жастарға үлгі етеді. Келіннің барған жерінде жақсы болмағы – енеге де байланысты. “Келін қайын ененің топырағынан” деген сөз жайдан-жай айтылмаған. Себебі, өзінің өмірлік тәжірибесін ақылды ене келінге үйретуі шарт. Бұл – ғасырлар бойынан қалыптасып келе жазылмаған өмір заңдылығы, тіршілік сабақтастығы. Бүгінгі ата-аналар тәрбие мәселесіне келгенде, таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз, қолымыз тимейді деген уәж айтады. Тәрбие дегеніміз минөт, сағатпен өлшенбейтін атаның аялы алақаны, ананың мейірімі арқылы жүрекке құйылатын нұр. Егер ата-ананың оқып-тоқығаны мол, тәлім-тәрбиесі келісті болса, онда өз ұрпағына да дұрыс тәрбие береді.
Гүлнұр БАҚЫТ.