Олар Facebook желісінде ұлтаралық араздықты қоздыруға және конституциялық құрылысты өзгертуге үндейтін посттар мен пікірлер жазған. Іс барысын Алматы қаласының Алмалы аудандық соты хабарлады. Мәліметке сәйкес, Б. және Н. есімді азаматтар телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, 2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақшаларында әлеуметтiк және ұлттық алауыздықты қоздырып, орыс ұлтының өкілдерінің ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлаған.
«Бұдан бөлек, орыс ұлтының адамдарына күш қолдануға үндеген. Мәселен, Б. есімді азамат Facebook-те өзін национал-патриот ретінде таныстырған. Билiктi күшпен басып алуды және конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді насихаттап, Қазақстаннан тыс жерде жүрген қылмыскерлерді билікке әкелуді ұсынды», – делінген соттың хабарламасында.Н. есімді азамат та тура сондай жазба қалдырып, сыбайлас жеморлықпен күресудің радикалды шараларын ұсынған.
Сотта екеуі де кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ пост жазғанын жоққа шығармады. Сараптама кезінде сотталғандардың кінәсі дәлелденді. Жәбірленушілер де барлық айыпты растады.
Прокурор әрқайсын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот өтінішті қолдады. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.