Несие туралы ең маңызды сұрақтарға жауап

0 31

Несие – ыңғайлы әрі тиімді қаржы құралы болғанымен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан сарапшылар банктің көмегіне жүгінбес бұрын, оның ұсынатын шарттарын дұрыстап оқып шығу өте маңызды дейді. Бұған қоса қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалауды ұмытпау қажет. Банктен қарыз алып, артынша белшеден қарызға батпас үшін басқа қандай кеңестерді есте ұстаған жөн? Бұл туралы Jusan Bank-тің кредиттік өнімдердің әдістемесі жөніндегі басқарма басшысы Азамат Қасым айтып берді.

Несие рәсімдер кезде нені ескеру керек? 

Несиені қандай мақсатта және қанша сомада алатыныңызды айқындап алған соң, банк қарызды қандай шарттармен беретінін де мұқият оқып шығу керек. Осы орайда нарықтағы банктердің несие бойынша қандай шарттар ұсынатынына сараптама жасау артық етпейді. Ең алдымен барлық несие төлемдері есепке алынатын тиімді және жылдық мөлшерлемеге назар аударған жөн. Содан кейін комиссия мөлшерін ескеру қажет. Бұған қоса несие бойынша қандай айыппұл санкциялары қарастырылғанын білуді ұмытпаңыз. Мәселен, мұндай айыппұлдар несиені мерзімінен бұрын өтегені үшін салынуы мүмкін. Әдетте мұның барлығы несие рәсімдер кезде берілетін келісімшартта көрсетіледі. Сондықтан несие алып, артынша сан соғып қалмас үшін келісімшартты асықпай, толық оқып шығуға ерінбеңіз.

Несие аларда ескеретін тағы бір маңызды дүние – сіздің төлем қабілеттілігіңіз. Бұл тұрғыда несие төлемі айлық табысыңыздың 50%-нан көп болмауын ескеруге кеңес беремін. Мысалы, жалақыңыз 200 мың теңге делік. Сіздің барлық несиелеріңізді қосқандағы айлық төлем 100 мың теңгеден аспағаны дұрыс.

Тағы бір айта кетерлігі, несие төлемін қалай және қайда жасауға болатынын анықтап алу маңызды. Себебі кейбір банктерде несие төлеу үшін міндетті түрде бөлімшеге баруға тура келеді. Ал бұл – қосымша уақыт шығыны. Сондықтан, банк таңдағанда озық технологияларды белсенді қолдана отырып, бірегей қаржылық өнімдер мен онлайн шешімдерді сәтті ұштастыра білетін қаржы ұйымына көңіл бөлген жөн.  Мысалы, Jusan Bank клиенттері үшін Jusan қосымшасында несиені онлайн ресімдеу және төлеу қарастырылған. Бұл өте ыңғайлы – үйден шықпай-ақ бір қосымша арқылы бірнеше операция жүргізуге болады.

Несиені өтеуде мәселе туындамас үшін қандай кеңестерді ұстанған жөн?

Егер несиені көрсетілген мерзім аралығында уақытылы төлеп жүрсеңіз, еш мәселе туындамайды. Дегенмен банкпен араңызға сызат түспес үшін бірқатар дүниелерді еске ұстауға кеңес беремін. Біріншіден, алдын ала төлем жасайтын күнді өзіңізге ыңғайлы етіп белгілеп алған жөн. Сонымен қатар, жалақы алған соң несие төлемін бірден жасауды әдетке айналдырған дұрыс. Себебі одан кешіктірсеңіз, жоспарланбаған шығындар пайда болып, несиеңізді өтеуге қаражатыңыз жетпей қалуы ғажап емес. Төлем жасайтын күнді таңдағанда осының барлығын ескеру маңызды.

Екіншіден, әр айдағы қосымша шығындарды алдын ала есептеп, жазып отыру. Мысал үшін айтсақ, келесі айда отбасылық мереке болуы мүмкін делік. Әрине, мейрамға орай шығынданатыңыз анық. Сол себепті несиені кешіктіріп төлеп жүрмес үшін біршама уақыт бұрын ақшаңызды ыңғайластыра берген дұрыс.

Төлемді кешіктіріп алған жағдайда не істеу керек? 

Көбіне белгілі бір себептерге байланысты адамдар несиесін төлей алмай қалған сәтте банкке барып, өз жағдайын түсіндірудің орнына мәселені одан сайын ушықтырып жүре береді. Менің клиенттерге айтарым: егер жұмыстан қысқарып немесе басқа да күтпеген жайттарға байланысты ақысыз демалысқа шығып кетсеңіз, банктен көмек сұраудан қорықпаңыз. Несие беруші банк үшін қарыздың өтелгені маңызды болғандықтан, ол бірінші кезекте клиенттің жағдайына қарайды. Қаржы ұйымдары өздерінің несиелік саясаты мен клиенттің мәселесіне қарай несиелік демалыс тағайындауы мүмкін.

Форс-мажорлық жағдайларға байланысты Jusan Bank клиенттерге түрлі ұсыныстар жасайды. Әрбір клиенттің өтініші жеке тәптіппен қаралады. Мәселен, соңғы екі жыл түрлі сынаққа толы болды. Жаһандық пандемия салдарынан елде төтенше жағдай жарияланған шақта тұрақты табысынан айырылып, несиесін уақытылы төлей алмай қалған адамдар болды. Осындай жағдайға тап болып, дер кезінде бізге хабарласқан жеке тұлғаларға банк қолдау көрсетті – клиенттердің өтініштері қарастырылып, оларға несие бойынша демалыс берілді.

Сондықтан, егер кредитті қайтару барысында белгілі бір қиындық орын алса, банктің көмегіне жүгініп, неліктен несиеңізді өтей алмай қалғаныңызды түсіндіріңіз. Банк өз кезегінде міндетті түрде өтінішіңізді қарастырып, мәселеңізге орай оны шешудің бірнеше жолын ұсынады. Өйткені біздің банк үшін әрбір клиент маңызды, әрбір мәселені жеке талқылап, әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Банкке дер кезінде жүгінген болсаңыз, сізге жеңілдетілген төлем кестесі ұсынылып, жағдайыңызға қарай несие белгілі уақытқа дейін шегерілуі мүмкін.

Ескеріп өтерлік жайт, несие төлемін ең алғаш өткізіп алғаннан кейін жағдай түзеледі деп жүре беруге болмайды. Әдетте кейбір адамдар осылай қарыздың қақпанына қалай түсіп қалғанын білмей қалады. Сол себепті күтіп жүрмей, айлық төлем жасай алмайтыныңызды білген соң  бірден бару маңызды. Осылайша сіз несие тарихыңызға нұқсан келтірмейсіз. Несие тарихы болашақта банктен қарыз аларда өте маңызды, себебі қаржы ұйымы ең алдымен осыған қарайды.

Несие өтелмей қалған жағдайда не болады? 

Әрине, бұл жағдайға дейін жеткізбеуге тырысу қажет. Өйткені міндеттемелердің орындалмауы екі тарапқа да айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Егер несие уақытында өтелмесе, қаржы ұйымы төлем кешіктірілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен соң несие алған азаматқа қарызды өтеу қажеттілігі туралы хабар жібереді. Мұндай хабарламада кешіктірілген қарыз сомасы, өсімпұл, қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда қандай санкциялар қарастырылғаны көрсетіледі.

Ал қарыз алушы банкпен сол күйі байланыспа шықпаса, онда қаржы институты келісімшартта көрсетілген барлық санкцияны қолдануға құқылы. Істі сотқа жеткізбес үшін қарыздарды әрдайым уақытында төлеген жөн.

Сондықтан ең қарапайым кеңес – несие алуға жауапкершілікпен қарау. Несие аларда еленбей қалуы мүмкін жайттардың барлығын ескеріңіз, келісім шарттағы талаптардың барлығын бүге-шүгесіне дейін оқуға ерінбеңіз. Сонда ғана несие сіз үшін проблема емес, тиімді қаржы құралына айналатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.