Даңқты жауынгер, қаһарман қолбасшы, батыр тұлға Бауыржан Момышұлының атынан «бәдәл қажылық» жасалды. Мұсылманның қасиетті парызын батырдың атынан ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, спортшы Ардақ Назаров орындады. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті.
«Ол кісі өмірден озғанда мен екі жасар бала едім. Осы бала кейін оның атынан Қасиетті Меккеге келетінін, ол кісі білмегенде шығар.
Қазақтың бір туар азаматы, батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың атынан Ұмра қажылығын жасадым.
Бұндайды дінімізде “Бәдәл” дейді яғни басқа адамның атынан қажылық немесе ұмра жасалады.
Белсенділер алаштықтарды құртып Қазақтың түбіне жеттік дегенде Алла Тағала Бауыржан атамыз сияқты ұлдарды сақтаған, олар елдің рухын көтерген.
Атамызды Аллаһ Мейіріміне бөлеп, жәннатын нәсіп етсін.
Қажылық сіздерге де нәсіп болсын, бауырлар» делінген жазбада.
» Бәдәл қажылығы деп – өз орнына басқа біреудің қажылық міндеттерін орындауы айтылады.
Қажылық ғибадаты мойнында парыз бола тұра көзінің тірісінде қажылыққа бара алмағандар мирасқорларына өзінің орнына бәдәл қажылық жасалуын өсиет етулеріне болады. Бұл дүниеден қажылық ғибадатын орындай алмай қайтып кеткен кісілердің орнына өкіл ретінде қажылыққа баруға болатыны сияқты, қажылықты орындай алмайтындай дәрежеде ауру немесе кәрі болғандардың орнына да қажылыққа бару -сауапты іс болады» деп түсіндірілген muslim.kz сайтында.