Кір жуғыш машина жылдам бұзылмас үшін…

0 64

Кір жуғыш машиналар біраз уақытымызды үнемдейді, бірақ олар да күтімді қажет етеді. Кір жуғыш машинаңыз бұзылып қалса, оны жөндету, әдетте, арзан тұрмайды. Ал жаңасын сатып алу, тіптен, қымбат. Сондықтан бұл құрылғылардың ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп тұруына көмектесетін ережелерді ұсынамыз.

Кір жууға арналған құралдарды көп құймаңыз
Кір жуатын құралды көп құйғаннан киіміңіз тап-таза болып кетпейді. Кір жуатын құралды көп құйсаңыз, киімде ақ іздер қалып қоюы мүмкін. Оған қоса, ол кір жуғыш машинаны ұзағырақ қосылып тұруға мәжбүр етеді, себебі ол автоматты түрде сабынды кетіру үшін тағы да қосымша шаюға кірісіп кетеді. Бұл механизмді тоздырады. Сондықтан кір жуатын ұнтақты немесе гельді киім көлеміне қарай салыңыз және норманы асырмаңыз.

Киім қалталарын тексеріңіз
Киімдерді машинаға салмас бұрын қалтасын тексеру керегін бұрын да естіген шығарсыз. Бірақ осы қарапайым қадамды орындамай қою немесе оны ұмытып кету құрылғыңызға зиян келтіруі мүмкін екенін білесіз ба? Егер киімнің қалтасында тиын немесе кілт секілді металл заттар қалып қоса, ол кір жуғыш машинаның ішкі багын зақымдайды. Егер киімді жуып болғаннан кейін қалтасында бірдеңе қалып қойғаны есіңізге түссе, кір жуғыш машинаның су ағызатын сорғышының сүзгісін міндетті түрде тазартыңыз. Бұл сүзгі сондай заттарды ұстап қалады. Ол, әдетте, кір жуғыш машинаның төменгі бір жақ бұрышында орналасады.

Ылғал киімді бірден шығарыңыз
Ылғал киімнің кір машинада жатып қалуы тек киімге емес, машинаға да зиян. Машинаның ішінде зең мен саңырауқұлақтар көбейіп кетпес үшін кір жуылып болған бойда киімдерді бірден іліп тастауға тырысыңыз. Сол үшін де өзіңіз үйде болған кезде кір жуған дұрыс.

Кір жуып болғаннан кейін есікті бірден жауып тастамаңыз
Фронтальді жүктемесі бар кір жуатын машиналарда ылғал мен бактериялар, әдетте, есіктің айналасына жиналады. Ол көгеруге және жағымсыз иістің пайда болуына әкеледі. Оны болдырмас үшін әр кір жуғаннан кейін есігін ашып қойыңыз. Барабан мен есіктің кепкенін күтіңіз. Бірнеше сағат өткеннен кейін есіктің резеңке аралық қабаты толықтай кепкен кезде есікті жаба беруге болады.

Кір жуғыш машинаны жүйелі түрде тазартыңыз
Кір жуғыш машинаны уақытында тазартып тұрсаңыз, ол ұзағырақ қызмет етеді. Оған қоса, кір жуғыш машинаны тазарту киімдеріңізді де таза етеді. Кір жуғыш машинаны кір жуу жиілігіне қарай 3 айда немсе 1 айда бір рет толықтай тазартып тұрыңыз. Ол үшін алдымен барабанды жуып шығыңыз. Оны, мысалы, ас содасы мен су қоспасымен жуыңыз. Содан соң ұнтақ салатын жерге ас содасы мен сірке суы қоспасын немесе лимон қышқылын салып, максималды температураны таңдап, бос машинаны жууға қосыңыз. Машина тоқтағасын оның су ағызатын сорғышының сүзгісін алып, бір жуып алыңыз. Әдетте, ол жерге шаш, ілгек және басқа да ұсақ-түйек заттар жиналып қалады.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.