Қазақстанның экспорттық тасымалының географиясы 122 елді қамтыды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына кеңірек тоқталған Үкімет басшысы 2010 жылдан бері Қазақстанда құны 6 трлн теңгенің 1148 жаңа жобасы іске асырылғанын атап өтті. Осы жобалардың арқасында елімізде тұрақты түрде 107 мың жұмыс орны ашылған. «Қазақстан бұрын өндірмеген жоғары технологиялы өнімдерді экспортқа шығара бастады. Атап айтқанда, локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, автокөліктер, тау-кен және мұнай өндіру құрылғылары экспортталуда. Фармацевтика, автокөлік құрастыру, көлік электротехникасы, химия өнеркәсібі мен азық-түлік өндіруде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіліп отыр», — деді Бақытжан Сағынтаев. Премьер-Министрдің айтуынша, соның нәтижесінде өнеркәсіптегі өңдеу секторына салым 31 пайыздан (2010 жылы) 40 пайызға (2017 жылы) артқан. «Еңбек өнімділігі өсті. Әрбір жұмысшы орта есеппен 10 мың АҚШ долларының өнімін өндіретін болды. 2017 жылы өндеу өнеркәсібінің өсім қарқыны бес жылдың максимумына — 5,1 пайызға жетті. Шикізаттық емес тауарлардың экспорты 22 пайызға артып, тасымалдау географиясы 122 елді қамтыды. Қазақстан қазіргі таңда өндеу секторы бойынша 800 түрлі тауар өндіреді», — деді Үкімет басшысы өз баяндамасында.
Дереккөз: inform.kz