Тараз қаласында экологияны сауықтыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен көктемде шаһар аумағына 10 мың түп көшет отырғызылса, күз айында тағы 10 мың түп тал-дарақтар егіледі. Сондай-ақ, көгеріштендірілген алқаптарды суару үшін арық-атыздарды қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.
Шаһарды көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, осы жылдың көктем айларында «Қызылабад» алқабына 10 мың түп ағаш қондырылды. Енді күз айының ортасында аталған алапқа тағы 10 мың түп ағаш егіледі. Бұдан бөлек, 2024 жылғы көктемгі және күзгі сенбілік кезеңдерінде Саңырық батыр, Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов саябақтарына, қалалық мәдениет үйінің маңайына, «Қазақ хандығы» монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, «Теміржол вокзалы», «Қуғын-сүргін құрбандары», «Арбат» скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылды.
2025 жылы қала аумағына 5 мың ағаш отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 4 мың түп тал егілді. Қалған 1 мың ағашты күз айларында егу көзделіп отыр.
-Қаланы абаттандырудағы маңызды жұмыстың бірі – көгалдандыру. Оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі бар. Бұрын қаладағы арық жүйелері үйлердің арасынан, жол жиегі мен бақшалардан ағып, шаһарды көгалдандыру ғана емес, ауаның ылғалдануына да үлкен үлес қосты. Өкініштісі сол, бүгінде облыс орталығын ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Тіпті, соңғы 25-30 жылдың бедерінде мүлдем қараусыз қалған. Бұған тұрақты бақылаудың болмауы, инженерлік жүйелерді қалпына келтіруге тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі зардабын тигізді. Сонымен қатар кей кәсіпкерлердің арықтың үстінен құрылыс нысандарын салуы мен тұрғындардың қоқысты бей-берекет шашып тастауы да ағын судың көзін бітеп, мәселені одан сайын күрделендіре түскені белгілі.
Дегенмен, игіліктің ерте-кеші жоқ. Жоғарыда аталған мәселені ескере отырып, арық жүйелерін қалпына келтіру жұмысы қарқын алуда. Осы бойынша әзірленген жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. 2023-2024 жылдары осы мақсатқа қала бюджетінен 1,4 миллиард теңге қаражат қарастырылып, нәтижесінде шағынаудандарда 40,3 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау, демонтаждау жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмыстарға 2025 жылы бюджеттен 600 млн теңге қаржы қарастырылып, 17 шақырымдай арық жүйелері қалпына келтірілмек. Жұмыстар шаһардағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Ы.Сүлейменов көшелері, «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында жүзеге асырылады-дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.
Халықтың қатысуымен абаттандыру жобасы аясында «Ұлы дала» шағынауданындағы «Түйте» каналының бойы адам танымастай өзгеріп, жаңа кейіпте ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта «Үшбұлақ», «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылады. «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңінде 1,2 шақырымы, «Қарасу» каналының 1,275 шақырымы абаттандырылады. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, шынығу, спорт алаңшалары, зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған. Бүгінде эскиздік жобалары дайын, сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ «Гидрокешен» аумағындағы саябақты да абаттандыру жоспарланған.
Былтыр қала аумағындағы 6 ирригациялық, 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілді. Биылғы жылы «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмысына 44,1 млн теңге қаржы қарастырылды.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.