АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттар аумағында қытайлық TikTok әлеуметтік желісін бұғаттауды 16 желтоқсанға дейін кейінге шегерді, деп хабарлайды ТАСС.
Америкалық көшбасшының атқарушы жарлығы Ақ үй сайтында жарияланды.
Құжатта көрсетілгендей, аталған шегеру «2025 жылдың 16 желтоқсанына дейін ұзартылды». Осы уақыт аралығында АҚШ билігі TikTok-ты елде тыйым салынған платформаға айналдыратын заңда көзделген шараларды қабылдамауы тиіс, егер оның қытайлық бас компаниясы ByteDance оны сатпаса.
Трамп сейсенбі күні бұған дейін «өте ірі компаниялар тобы» TikTok-ты сатып алғысы келетінін айтқан болатын. Оның сөзінше, қытайлық тараппен бұл жөнінде келісім жасалған. Сондай-ақ америкалық көшбасшы 19 қыркүйекке жоспарланған ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы әңгімеде мәміле шарттарын түпкілікті бекітетінін атап өтті.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент дүйсенбі күні Мадридте қытайлық ресми тұлғалармен кеңесуден кейін, келісім аясында әлеуметтік желі америкалық бизнес иелігіне өтетінін мәлімдеді.
The New York Post газетінің хабарлауынша, американдық қолданушылар үшін TikTok жұмысын қамтамасыз ететін, шамамен $50 млрд деп бағаланатын жаңа америкалық компания құрылады. Басылым нақтылағандай, жаңа компанияның негізгі акционерлері Трампты қолдайтын миллиардер Джефф Ясс пен инвестициялық компания General Atlantic жетекшісі Билл Форд болады. Ал ByteDance жаңа компаниядан 19,9% үлеске ие болады. Келісімде Oracle компаниясының басшысы Ларри Эллисон маңызды рөл ойнайды, ол жаңа компанияға бұлтты қызметтерді ұсынумен айналысады.
TikTok-ты сату немесе Құрама Штаттар аумағындағы қызметін тоқтатуға міндеттейтін заңды 2024 жылы АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байден қол қойған болатын.
Трамп бұл платформаға «жылы қарайтынын», себебі оның пайдаланушыларының дауыстары президенттік сайлаудағы жеңісіне ықпал еткенін айтқан еді. 2025 жылғы 20 қаңтардағы инаугурациясынан кейін ол АҚШ-та TikTok-қа тыйымды кейінге қалдыру туралы жарлыққа қол қойды. Кейін бұл мерзімді бірнеше рет ұзартқан болатын.