Мемлекет басшысының биыл Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мақсатында бұрынғы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңа атау мен мазмұнға ие болды. Енді ол «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы ретінде жүзеге асырылады.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде баяндады.
– Бағдарлама 2023 жылы пилоттық режимде басталып, 2024 жылы барлық білім беру ұйымдарына толық енгізілді. Қазіргі таңда еліміз бойынша 11 мыңнан астам балабақша, 8 мыңнан аса мектеп және 700-ден астам колледж бұл бағдарламаны іске асыруда, — деді Ерлан Қалмақов.
Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап бағдарлама жаңа атаумен жалғасып, бірнеше маңызды жаңашылдықтар енгізілген.
Бағдарламадағы басты өзгерістер:
Бірінші. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бағдарлама меншік түріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдарына таратылып жатыр. Яғни, жеке меншік мектептер де «Адал азамат» бағдарламасы бойынша тәрбие жұмысын өткізеді. Бұл мектептердің тәрбие жөніндегі мамандары мен педагогтері үшін арнайы курстар өткізілді.
Екіншіден, ата-аналар комитеттерінің қызметін трансформациялауы басталды. Бұл ретте, ата-аналар комитеттері мектептің, ұстаздардың сенімді серіктесі ретінде тәрбие жұмысына белсенді араласып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті бөлісетін болады. Осы ретте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысы одан әрі жандандырылып, мектеп – бала – ата-ана үштігінің ынтымағын нығайтуға ерекше назар аударылады.
Үшіншіден, мүдделі мемлекеттік органдардың оқушылардың тәрбиесіне қатысты бастамалары бағдарламаға кіріктірілді. 14 орталық мемлекеттік органмен бірлескен жоспар әзірленді. Бұл қадам тәрбие жұмысын біріздендіруге, әрі тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Құқық қорғау органдары, медицина ұйымдары мамандарымен бірлескен шаралар жүйелі ұйымдастырылып жатыр.
Төртіншіден, Бағдарлама мазмұнына сәйкес бірыңғай дизайн код әзірленді. Арнайы брендбукқа сәйкес мектептің ішкі безендірілуі қолға алынды. Бұл білім ортасын үшінші ұстаз ретінде қолдануға мүмкіндік береді.
– «Адал азамат» бағдарламасы еліміздің жас ұрпағын жауапты, отансүйгіш және адал азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Бұл тәрбие жүйесі қоғамның барлық мүшелерін – мектепті, ата-ананы, мемлекеттік құрылымдарды – ортақ мақсатқа біріктіреді, — деді Ерлан Қалмақов.