Диеталық тағамдар қатарынан фруктозаны да табуға болады. Бірақ, ғалымдар оны қанттан әлдеқайда зиян дейді. Неге?
Фруктоза деген не?
Фруктоза – табиғатта кеңінен тараған қарапайым көмірсудың бірі. Ол барлық жеміс-жидектерде кездеседі. Әсіресе, алмада, банан мен өрікте көбірек. Балдың 80% фруктозадан тұрады, шайға арналған қантта небәрі 50%.
“Ата-бабаларымыз фруктозаны табиғи бал мен жемістер арқылы қабылдаған. Ендеше, неге фруктоза зиян?”– деген сауал туындауы әбден мүмкін. Дегенмен, біз зиян деп отырған фруктоза табиғи емес, газды шырындар, торттар мен десерттерді дайындауда қолданатын HFCS (high-fructose corn syrup) шәрбаты. Яғни, фруктозаға бай жүгері шәрбаты.
Заманауи диетолог мамандар өндірісте жүгері шәрбатын жиі қолдануы арқылы адам қанындағы инсулиннің мөлшері айтарлықтай көтерілмесе де, семіздіктің туындауына алып келетінін айтады.
Фрутоза шәрбаты бар өнімдер:
Фруктоза шәрбатын тек газды сусындардан ғана емес, қораптағы “табиғи” шырындардан, йогурт, майонез, кетчуп, шоколад плиткалары, кәмпиттер мен “фитнес” тіскебасарларының құрамынан табуға болады. Одан бөлек, торттар, зефир, піспенан мен балмұздақтан да фруктоза шәрбатын табуға болады.
Қораптарды оқып, құрамымен танысқанның өзінде фруктозаны таба алмауыңыз әбден мүмкін. Өйткені, бірнеше атаумен жасырын тұрады: “жүгері шәрбаты”, “табиғи бал” және “агава шәрбаты”. Әлемде тек санаулы мемлекет өндірушілерге HFCS шәрбатын құрамы жазылған тізімде анық көрсетуін талап етеді.
Зат алмасу үрдісіне фруктоза қалай әсер етеді?
Фруктоза шәрбаты адамның ас қорыту үрдісіндегі қанығу механизміне әсер етіп, адамның ылғи тойып тамақтануына себепші болады. Бұл семіздікке алып келеді. Одан бөлек, ми жұмысын бұзып, күйзеліске ұшырау қабілетін арттырады. Тәтті – адамның рахаттану сезіміне жауап беретін басты құрал.
Фруктоза инсулин мөлшеріне аса қатты әсер етпейтіндіктен, ағза жеңіл энергияны қайданы алып жатқанын білмейді. Сондықтан, ми адамның тойғандығы жөнінде ақпаратты алмайды. Ал, адам жалған аштыққа алданып жей береді. Одан бөлек, фруктоза глюкозадан екі есе тәтті, яғни “дәмдірек”. Бұл жағдайды одан сайын ушықтырады.
Жемістердегі фруктоза қауіпті ме?
Жемістер құрамында тек фруктоза ғана емес, өзге де қарапайым көмірсу (глюкоза), макро және микро элементтер мен жасұнық (клетчатка) бар. Бұл кезде зат алмасу үрдісіне табиғи фруктоза басқаша әсер етеді.
Адам баласы ес білгелі табиғаттан белгілі бір мөлшерде ғана фруктоза алуға бейімделді. Егер күнделікті екі алма жесеңіз ағзаңыз да айтарлықтай өзгеріс болмайтыны анық. Ал, бес алмадан алынған шырынды бірнеше секундта ішіп алсаңыз – мұның әсері басқа.
Дереккөз: massaget.kz