Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Баласағұн» ОКЗ-да Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туған күніне орай «Жамбыл-менің жай атым, халық-менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Шара облыс орталығындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Айтысқа еліміздің әр аймағынан 20 ақын қатысып, 10 жұп жыр додасында сөз сайыстырды.
Аламан додада от-ауыз, орақ-тілді ақындарымыз өңірдің тарихын, Тараз топырағының киесін, Жамбыл бабамыздың асқақ рухын, өлкемізден шыққан тарихи тұлғаларды, облысымыздың соңғы уақыттардағы жетістіктерін және аймақ басшысының игілікті жұмыстарын жырға қосты.
Әулиеата жерінде өткен дүбірлі доданы елімізге белгілі ақын, журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты Жүрсін Ерман жүргізсе, есімі алты алашқа танымал айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Аманжол Әлтай (қазылар алқасының төрағасы), әнші, сазгер, Қазақстан ,Қырғызстан Республикасының халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, жазушы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Қайырбек Асанов, айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков сынды азаматтар ақындардың өнеріне қазылық етті.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтысқа жиналған қауымды жыр додасымен құттықтап, аталған мәдени шараны ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына және ақындарға деген алғысын білдірді.
Жоғарыда есімдері аталған қазылардың шешімдері бойынша ІІІ-орынды 4 ақынға бөліп берді. Олар: Асxат Қылышбек, Қажымұxан Абзалов, Нұрлан Есенқұлов, Мұxтар Ниязов. Бұл ақындардың әр басына 300 мың теңгеден қаржылай сыйлық берсе, ІІ-орынды Шұғайып Сезімxан, Айбек Қалиев және Бауыржан Шаймердинұлына беріп, үш ақынның әрқайсына 500 мың тенгеден қаржылай сыйақы тарту етті. І- орынды Қарағандылық ақын Дидар Қамиев 1 000 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығасына байлады. Ал бас жүлдеге тігілген автокөлікті Жамбыл облысынан Қанат Мырзаxан жеңіп алды.
Сондай-ақ аламанға қатысқан қалған ақындарға ынталандыру дипломдарымен қатар 100 мың теңге қаржылай сыйақылар табыс етілді.