Зерттеулер нәтижесі бойынша, пластмасс ыдыстардың 95%-ы микротолқынды пеште және ыдыс жуатын машинада химикаттар бөледі екен. Жоғары температураның әсерінен олар контейнерден өтіп, тамаққа түседі. Ғалымдардың ойынша, бұл заттар эндокринді жүйеге әсер етеді, демікпе, семіздік, диабет, бедеулік және рак шақыруы мүмкін.
Ыдысты иілгіш ететін фталаттар мен бисфенол А деген қосылыстар ең қауіпті болып саналады. Олар көптеген пластикалық бөтелкелер мен контейнерлерде бар.
Маймылдарға жүргізген зерттеулер бисфенол А жүкті әйелдердің құрсағындағы сәбидің дамуына негативті әсер ететіндігін дәлелдеген. Сонымен қатар, бұл зат ағзада жиналып қалса, рак шақыруы мүмкін.
Бұл қауіпті химиялық заттарды балалар бөтелкесіне қолдануға тыйым салынғанымен, ересектер ыдысына ондай тыйым жоқ.
Сондықтан сарапшылар тамақты әйнекте, тот баспайтын болатта және керамика ыдыста сақтауды және жылытуды ұсынады. Ал пластикамен абай болу керек. Тауардың заттаңбасын тексеру керек:
— Ол жерде ыдыстың 140° градусқа дейінгі қызуды көтеретіндігі жазылуы тиіс;
— 1-4, 6 және 7 деген сандар болмау керек. Ол құрамындағы полиэтилен мен басқа да қауіпті заттардың себебінен қыздыруға тыйым салынғандығын білдіреді;
— Ең дұрысы, «5ПП» деген саны бар ыдысты қыздырған жөн. Ол ыдыстың полиамид пен полипропиленді пластикадан жасалғандығын білдіреді.
Дереккөз: massaget.kz