Ғаламшарымыз көз көріп, құлақ естімеген құпияларға тұнып тұр. Әсіресе, санасыз деп өзімізден төмен қоятын жан-жануарлардың ешбірі де толық зерттеліп бітпеген. Ал мәлім болған ерекшеліктерді біле бермейміз. Осы олқылығымыздың орнын толтыру үшін «Жануарлар қалай көреді?» деген тақырыпта сөз қозғайық.
Аттар Аттардың көздері қырын орналасқан, бұл оларға шалғайдан көру мүмкіндігін береді. Аталған ерекшелік аттарға төніп келе жатқан қауіпті тез сезуге көмегін тигізеді. Алайда, мұның да теріс жақтары бар. Мәселен, ат тура алдындағы нәрсені көре алмайды. Сондай-ақ, аттар бір мезгілде екі бейнені көретін болса, адамдар секілді біріктіріп, қорыта алмайды. Олардың түнде көру қабілеті адамдарға қарағанда жақсы дамығанымен, түсті ажырату деңгейі өте төмен. Яғни, аттар барлық нәрсені көк, жасыл түсте, көбіне, сұр түсте көреді.
Маймылдар Ескі Әлемнің маймылдары (макакалар, павиандар, мартышкалар, ланурлар, носачтар) мен приматтар негізінде адамдар секілді көреді. Олар қызыл, жасыл, көк түстерді байқай алады. Алайда Ескі Әлемнің маймылдары (дурукуль, уакарлар, сактар, өрмекшітектестер, капуциндар) бұл түстерді көре алмайды.
Құстар Негізінде әрбір құс әртүрлі көреді. Мәселен, көгершіндер миллиондаған реңді көре алады. Олардың көз құрылысы адамдардан әлдеқайда басқаша келеді.
Міне қызық, күндіз ұшатын құстар ультракүлгін сәулесін қосқанда адамнан да артық мөлшердегі түстерді байқайды. Және құстарға реңдер бізден де ашық, айқын көрінеді екен. Бүркіт, күйкентай, құзғын сынды жыртқыш құстардың таңғажайып бинокулярлық көру қабілеті дамыған. Нәтижесінде, олар олжасын мыңдаған шақырым қашықтықтан ажырата алады.
Иттер мен мысықтар Ит пен мысықтың көру қабілеті жақсы емес. Олар ең алдымен иіскеп сезу, дыбыс есту қабілеттеріне арқа сүйейді. Итте де, мысықта да түсті байқау қабілеті нашар, әсіресе, мысықтарда тым әлсіз келеді. Мысалы, иттер кейде сары түсті көк түстен ажырата алады. Ал мысықтардың көпшілігі түсті байқамайды. Соған қарамастан, түнде көру қасиеті адамдардан артық. Бір қызығы, олар үздіксіз қозғалыс, әрекеттерге сезімтал келеді, тереңдікті қабылдауы жақсы дамыған.
Жыландар Жыландар күндіз кәдімгі көздерін пайдаланса, түнде басқа «көзге» ауысады. Жорғалаушылар айналасындағы жылықанды объекттердің инфрақызыл жылы дабылдарын ұстап алуға бейім. Күндіз жыландардың көру қабілеті қимыл-қозғалысқа тәуелді. Олар қимылсыз тұрған нәрсені байқамайды. Құрт-құмырсқалар
Сарапталған көз құрылымына байланысты құрт-құмырсқалар адамдардан мүлде басқаша көреді. Кең таралған тұжырымдарға сенсек, олар бір бейненің бірнеше көшірмесін көре алмайды. Кейбір жәндіктердің көз алмасында 30 000 линза бар. Осылардың арасында инеліктің қабілеті құрметке лайықты.
Инеліктің миы өте тез жұмыс істейтіндіктен, ол кез келген қозғалысты баяу қарқында қабылдайды. Жоғарыдағы деректерден кейін хайуандарды бұрынғыдан артық түсінетін боласыз деп сенеміз…
Дереккөз: massaget.kz