Көршілер көп шулайды: Қандай жағдайда шағым түсіре аламыз?

0 26

Шуылдақ көрші кімде болсын бар. Әсіресе, жер үйден пәтерге көшкен жандардың у-шудан мезі болатын сәттері көп. Жаңадан қоныстанғандар үшін де, енді көшіп келген жаңа көрші үшін де келеңсіздіктер болуы мүмкін.

Не істемек керек?

Осы орайда елімізде биылдан бастап «шулаған көршілерге» салынатын айыппұлдың өскенін айта кеткеніміз жөн. Заңға сәйкес, тұрғын үйдегі шу түн кезінде 45 децибелден, ал күндіз 45-55 децибелден аспауы тиіс.

Бұл дегеніміз не? 45-55 децибел дыбыс дегеніміз — кәдімгі адамдардың сөйлесу кезінде шығаратын дыбысы. Кондиционер мен тоңазытқыштың да, дауысы орташа теледидардың да дыбысы осы санатқа жатады. Мұндай дыбыс қабырғадан естілмейді, естілді дегеннің өзінде әлсіз сезіледі.

Ал музыканы колонкамен қосып, бар күшіне қойсаңыз, 55 децибелден жоғары дыбыс шығады. Тура қабырғаның жанына отырып алып перфоратор қоссаңыз да, осыған жуық дыбыс шықпақ. Ал көшедегі көліктердің дыбысы 80 децибелден асса, метродағы дыбыс 90 децибелге, бұрғының дыбысы 100 децибелге тең. Егер түнде көршілеріңіз қатты шуласа, полицейлерді шақырыңыз. Ал күндіз шуласа, «Ұлттық сараптама орталығы» мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жүгінгеніңіз жөн. Өйткені полицейлер шудың өрісін өлшей алмайды, оны тек санитарлы-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғана өлшейді.

Сондықтан үйдің жанындағы өндіріс орны мен құрылыс жұмыстары сізге маза бермесе, онда жоғарыда аталған екі мекемеге жүгінсеңіз дұрыс. Ал шуылдақ көршілерді сабасына түсіргіңіз келсе, полицейлердің көмегі керек. • Еліміздің заңы бойынша қазір түнгі сағат 11.00-ден бастап таңғы сағат 6.00-ге дейін көршілерге шулауға болмайды.

Денсаулық сақтау министрлігі кешкі сағат 8.00-ден бастап ертеңгі сағат 9.00-ге дейін шуылдауға тыйым салу жайлы ұсыныс дайындап, Парламентке бергенімен, ол әлі қабылдаған жоқ. • 2019 жылы желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңда түнде шуылдағандарға 5 АЕК көлемінде (13 255 теңге), тағы да шуылдап қоймағандарға 10 АЕК көлемінде (26 510 теңге) айыппұл салынатындығы жазылған. Бұл айыппұл қарапайым азаматтар үшін. • Ал заңды тұлғаларға салынатын айыппұл көптеу. Шағын және орта кәсіпкерлерге 20 АЕК көлемінде (53 020 теңге), қайта қайталағаны үшін 40 АЕК көлемінде (106 040 теңге) айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерге мұндай жағдайда 100 АЕК (265 100 теңге), кейде 150 АЕК (397 650 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. • Күндіз тыныштық бұзған азаматтарға 30 АЕК көлемінде (79 530 теңге), шағын кәсіпкерлер мен бейкоммерциялық ұйымдарға 230 АЕК көлемінде (609 730 теңге), орта бизнес өкілдеріне 310 АЕК (821 810 теңге), ірі кәсіпкерлерге 1600 АЕК көлемінде (4 240 600 теңге) айыппұл салынады.

 Massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.