Балаға су ішуді қалай үйретеміз?

0 20

Су ішу әдеті балаңызды сау, ақылды әрі қуатты етеді. Оған қоса, адамның бала кезінде қалыптасқан әдеттері онымен бірге өмір бойына сақталады.

1. Балаға судың пайдасы жайлы айтыңыз Балаға судың пайдасын қызықты етіп айтыңыз. Мысалы, судың сиқыры бар екенін, оны ішкен сайын ол мықты әрі ақылды бола түсетінін айтуға болады.

2. Су құятын бөтелкені көрнекті етіңіз Ол үшін қарапайым су ішетін бөтелкені түрлі түсті скотчпен орап тастаңыз. Содан соң баламен келісіп қойыңыз: ол бөтелкені байқаған бойда (көрген кезде) судан бір-екі рет ұрттауы керек.

3. Суды қолжетімді етіңіз Балаға су ішетін арнайы стақан алыңыз. Ол балаға міндетті түрде ұнауы тиіс. Мысалы, оның сыртында баланың сүйікті кейіпкерінің суреті болуы мүмкін. Содан соң сол стақанға су құйып, баланың көзіне көрінетін және қолжетімді жерге қойыңыз. Бала оны алу үшін бірдеңенің үстіне шықпайтын болуы керек. Тіпті, балаға арналған су ішетін бірнеше стақан алуға болады. Әрбіреуіне су құйып, асүйге де, жатын бөлмеге де апарып қойыңыз.

4. Көлікте үнемі су ұстаңыз Жол жүрген кезде балаға жиі су ұсыныңыз.

5. Баланың сөмкесіне суы бар бөтелке салып жіберіңіз Бала мектепке немесе қандай да бір үйірмеге бара жатса, сөмкесіне суы бар бөтелкесін салып, ол туралы ескертіңіз.

6. Мұз қолданыңыз Қазір суды қатыратын қызықты түрлі қалыптар сатылады. Сондай әртүрлі қалып әкеліп, ішіне су құйып, мұздатқышқа салып қойыңыз. Арасында балаға суына мұз салуына рұқсат беріңіз. Суына мұз салуға рұқсат алған бала міндетті түрде қатты қуанып, суын қызық көріп тауысып қоюға тырысады. Бірақ бір мұздан артық бермеңіз. Уайымдамаңыз, бір мұз текшесінен су қатты салқындап кетпейді. Суды қатырған кезде оны жеміс бөліктерімен бірге қатыруға болады. Баланың суы бар стақанына жеміспен бірге қатқан мұз текшелерін салсаңыз, оған одан әрі қызық болады.

7. Су ішу процесін көңілді етіңіз Кез келген балаға сұйықтықты түтікпен ішкен ұнайды. Түтіктерді көбіне шырынмен немесе коктейльмен ұсынады. Бірақ онымен су ішуге болмайды деп кім айтты?! Сондықтан дүкеннен түрлі түсті түтіктер сатып әкеліп қойыңыз. Иә, бала су ішіп отырып, түтікпен ойнап кетуі мүмкін. Бірақ ол кезде ұрыспаңыз. Ойнап отырып, бала біраз су ішіп қояды.

8. Баланың өз-өзіне қызмет етуіне мүмкіндік беріңіз Балаға суды қайдан құйып алу керегін, түтіктердің қайда тұрғанын көрсетіңіз. Содан соң оны өзі істеуіне мүмкіндік беріңіз. Су құю үшін орындықты апару керек болса, оны қалай сүйреп апару керегіне дейін бір рет көрсетіңіз. Бастапқы кезде су төгіп алуы әбден мүмкін. Шыдамды болыңыз, ұрыспаңыз. Біріншіден кез келген балаға ата-анасының оған сенгені ұнайды. Екіншіден, осы процестің өзі балаға қызық: ол кейде суды ағызып тұрып, аздап ойнап кетуі де мүмкін. Бірақ солай сәл ойнауы үшін ол қайта-қайта су сұрайды және оны ішеді.

9. Үлгі болыңыз Балаға бірдеңені үйретудің ең оңай әдісі – оған үлгі болу. Өзіңіз де суды жиі ішіңіз, әсіресе, баланың көзінше немесе екеуіңізге де құйып, бірге ішіңіз. Суды ішіп отырып, оны мақтаңыз. Әркез су ішкен соң жақсы болып қалатыныңызды жиі айтыңыз.

10. Үйдегі басқа шырынмөлшерін азайтыңыз Егер баланың көз алдында шырын, компот, морс, газдалған сусын немесе сүт секілді таңдаулар көп болса, ол қарапайым судан гөрі одан тәттірегін ішкісі келетіні анық. Сондықтан басқа сусындарды азайтыңыз. Оларды мүлдем сатып алмаңыз немесе тек бірнеше таңдау ғана қалдырыңыз. Егер бала жылап, шырын сұраса, алдымен су, содан соң шырын деген ереже қойыңыз. Сол кезде су ішкен бала шырынды көп мөлшерде іше алмай қалады.

Massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.