Автоматтың шүріппесін басып жібергенде кетіп қалатын едім — Майғазиев Израильда болған сұмдық жағдайды есіне алды
Нартай Аралбайұлының кезекті спикері болған Музарттық әнші Сәкен Майғазиев қоғамдағы өзекті мәселерді талқылаумен қатар, өзінің Израильда басынан өткен жағдайды есіне алды, деп жазады zhambylnews.kz.
— Басымнан өткен бір жағдайды айтайын. 2014 жылы исламтанушы Амангелді Еранғаев деген ғалыммен қасиетті Әл-Ақса орнында болдық (пайғамбарымыз с.ғ.с миғражға көтерілген жері. Мекке мен Мәдинадан кейінгі үшінші қасиетті орын). Қадір түнін сол жерде қарсы алайық деген ниетпен. Сонда мұсылмандар мен мұсылман еместердің арасында болған қақтығысты көзіммен көрдім. Біз кіре алмай тұрмыз. Олар 50-ге дейінгі ер-азаматтарды кіргізбейді, яғни жастарды. Содан Амангелді қажы араб азаматтарға қоңырау шалып, Ясин сүресі мен Фатиха сүресін оқып кіруге тырыстық. Жаңағы жастар бағынбай, көтеріліп кетті. Содан Израиль әскері автоматтарымен келді.Төбемде тұрып шүріппені басып жіберуге сәл қалды. Сол жерде шүріппені басып жібергенде, кетіп қалар едім. Кәлимамды айтып, отбасым көз алдыма келді. Жаңағы араб азаматтары артқы есікпен кіргізіп жіберді.
Соғысты көрдім демеймін, өліммен тұспа-тұс келдім, — деді Майғазиев.
— Қазақстанның пандемиямен күресіне қандай баға бересіз? — деген Аралбайұлының сұрағына әнші 4 деген баға берді.
Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетовтің атқарған жұмыстарына:
— Орыс тілді шенеуніктерден жақсы ғой, — деп өз ризалығын білдірді.