Ата-аналар жиналысының форматын өзгертеміз — Асхат Аймағамбетов

0 64

Елордада өткен Тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім-оқушы-ата-ана үштігінің байланысын арттыру бағытында қолға алынатын жұмыстар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы оқу жылынан бастап мектепте өтетін ата-аналар жиналысының форматын өзгертіп жатырмыз. Егер ата-ана алдына келгенде, мұғалім әр баланың қай пәнді ұнататыны, бірақ оны меңгеруде қандай проблемаға тап келіп жатқаны туралы мәлімет беріп отырса, ол ата-анаға өте маңызды ақпарат болар еді. Тек бағаны айтып шыққаннан бұл әлдеқайда тиімді. Жаңа оқу жылында осындай жұмысты қолға аламыз. Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы зерттеу жүргізді. Сол кезде оқушылардың 60 пайызының ата-анасы мектепте не үйретіп жатқанына мән бермейтіні белгілі болды», — деді ведомство басшысы.

Айтуынша, министрліктің мақсаты – ата-ананы мектепке жақындату.

«Сенбі-жексенбідегі шараларды оқушылармен ғана өткізбей, ата-аналарды белсенді тарту тәжірибесін кеңінен тарту көзделіп отыр. Ата-аналардың мұғалімге деген құрметі өте маңызды. Ас үйде мұғалім туралы айтылған әңгіме баланың ұстазға деген қарым-қатынасын қалыптастыруы мүмкін. Сонда оқушы-мұғалім арасындағы байланыстың жақсы болуы ұстаздың біліміне, кәсібилігіне ғана емес, ата-ананың құрметіне де байланысты», — деді министр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.