Оқушылардың алған білімін өмірде қаншалықты қолданатынына мониторинг жүргізіліп жатыр

0 25

Биыл білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін өткізу кезінде академиялық адалдық қағидаттарының сақталуын бақылауға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы және педагогикалық ЖОО қызметкерлері тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткізу форматы халықаралық зерттеулер секілді — стандарт бойынша әр аудиторияда тест-әкімшілер болады.

Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Динара Әбілқанованың айтуынша, мониторинг функционалдық сауат деңгейін бағалауға және алған білімін мектеп қабырғасында және өмірлік жағдайларда қолдана білуге бағытталған.

«Білім сапасы туралы нақты дерек алу үшін көптеген елдер білім алушылардың оқу жетістіктерін ұлттық деңгейде үнемі бағалап отырады. Осылайша, маңызды сұрақтарға жауап алады. Оқыту қаншалықты жүйеленген? Оқушылардың білім алу деңгейі қандай және олар қоғамға енуге қаншалықты дайын? Міне, осы сұрақтарға жауап алу біздің білім беру жүйеміз үшін де маңызды. Тек ББЖМ-нің объективті нәтижесі ғана дұрыс қорытынды жасауға және тиісті шешім қабылдауға мүмкіндік береді», — дейді басқарма басшысы.

Тестілеу мемлекеттік бақылау нысаны емес. Сондай-ақ білім алушы, білім беру ұйымдары үшін де құқықтық салдары жоқ.

ББЖМ-ге 4 және 9 сыныптардан 50 мыңнан астам оқушы қатысады.

1472 мектепте үш бағыт бойынша компьютерлік кешенді тестілеу өткізіледі. Ол — оқу, математика және жаратылыстану сауаты.

Мониторинг 26 сәуір мен 11 мамыр аралығында өтіп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.