Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын көбейіп келеді. Мектептердің 86%-дан астамы инклюзивті білім алуға жағдай жасаған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Балаларды оқу-тәрбие процесінде сүйемелдеу үшін педагог-ассистент штаты енгізілді. Қазір олардың саны 2,5 мыңнан асты.
«Оқу-ағарту министрлігі «Дара» қорымен бірлесіп 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған «Ерте қолдау» жобасын іске асыруда. Бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 200 мыңнан астам бала бар. 500-ге жуық білім беру ұйымы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға түзету-білім беру қызметтерін көрсетіп келеді. Сондай-ақ 1051 мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері жұмыс жасайды», – дейді инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.
2019 жылдан бастап арнайы білім беру ұйымдарының желісі 83 бірлікке, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамту 20%-дан астамға ұлғайды. Бүгінгі таңда балалардың 76%-ы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.