Ресеймен әріптестік Қазақстандағы білім саласының дамуына елеулі үлес қосады – Президент

0 18

Ресеймен әріптестік Қазақстандағы білім саласының дамуына елеулі үлес қосады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинмен өткен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдемесінде осылай деді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы өзара тиімді сауданың үлесі 70 пайызға жуықтаған. «Қазақстан мен Ресейдің өнімді серіктестігі жаңа инновациялық өсімдер есебінен ұдайы кеңейіп жатыр. Бүгін екі елдің цирфландырудың, ғарышты игеру мен атом энергетикасы саласында мамандар даярлаудың өзекті мәселелері бойынша айтарлықтай алға жылжуына мүмкіндік беретін бірқатар құжаттарға қол қойылды», — деді Қазақстан басшысы. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көрші елдің техникалық жоғары оқу орындарының әлеуетін біздегі маман тапшылығын шешуге оңтайлы пайдалануға болатынын атады.

«Қазақстанда инженерлік-техникалық бейіндегі жоғары білікті мамандардың сұранысқа ие екенін ескере отырып, білім беру саласындағы әріптестікке ерекше мән берілді.

Мен бүгінгі келіссөздер барысында құрметті Владимир Владимировичке Ресей Федерациясының ең танымал жоғары оқу орындарының, бірінші кезекте, техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын Қазақстанға бағыттауға келіскені үшін ризашылық білдірдім. Мен бұл филиалдар біздің елдегі білім саласының дамуына елеулі үлес қосады деп ойлаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының астанасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысының Ресейге жұмыс сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.