Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 447 мектепке 240 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. 1 қыркүйекте 6 мектеп пайдалануға беріледі. 1 сыныпқа болжаммен 22899 оқушы келді. Мектептер оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы 51 771 компьютермен жабдықталған. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақ әкімінің орынбасары Үйсімбаев Еркін айтты — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Оның мәліметінше, 1 компьютерге 4 оқушыдан келеді. Облыстағы мектептердің барлығы интернет желісімен қамтамасыз етілген, «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылады.
«Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары басталды. 25 тамызға дейін аяқталады. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде», — деді ол.
Еркін Құлымбайұлы өңірде ерекше білім алуды қажет ететін 7 898 бала бар екенін де атап өтті. Облыста «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ» т.б. республикалық қайырымдылық қорларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.