Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін және ұқыпты киімде келуге рұқсат етілген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады.
«Балалар мектепке мектеп формасымен немесе классикалық стильге жақын өзіне ыңғайлы әрі ұқыпты киіммен келе алады. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқу жылы басталғанға дейін Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылында мектеп формасына қатысты шешімді ата-аналарға қабылдауға мүмкіндік беретін бұйрыққа қол қойған болатын», — деді Шолпан Каринова.
Сондай-ақ, вице-министр балалардың жекелеген санаттарының тамақтануы, тұруы, тасымалдануы өңірлердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерімен келісіліп қамтамасыз етілетінін атап өтті. Барлық қабылданған шешімдер ата-аналарға алдын ала жеткізілуі керек.