Мониторингтік топтардың жұмысы күшейеді

0 8

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте эпидемиологиялық ахуал, ревакцинация барысы қаралды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өткен тәулікте осы індетпен 113 науқас тіркелгенін, олардың көбі Тараз қаласы мен Қордай ауданынан екенін айтты. Сырқаттанғандардың үшеуі медицина қызметкері болса, 34-і зейнеткер.

Жалпы, ағымдағы жылдың 21 қантарындағы мәлімет бойынша  облыс аумағында COVID-19 індетінің 23 555,  пневмонияның  8365 жағдайы тіркелген.

— Бекітілген жоспарға сәйкес облыстағы ауруханаларда 903 инфекциялық, оның ішінде
92 реанимациялық төсек қоры, оған қоса 170 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс атқаруда.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша резерв ретінде 2470 инфекциялық, оның ішінде 261 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады,-деді басқарма басшысы.

Жалпы өсіммен 633 991 тұлғаға бірінші, 571 257 адамға екінші компонентпен  екпе жүргізілген.

Басқарма басшысының айтуынша Pfizer вакцинасының бірінші  компонентімен 46 446, екінші ретпен 13 453 адам қамтылған.  Оның ішінде 40594 жасөспірім, 2107 жүкті әйел және 3745 бала емізетін әйел егілген. Ал облыс бойынша ревакцинацияға жататындар саны 188 204 адамды құрайды.

Ал мониторингтік топтардың жұмысы туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев түсіндіріп өтті.

— Жаңа жылдан бастап 112 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, 8 заңбұзушылық анықталды. Оның бесеуі Тараз қаласында болса, үшеуі Шу ауданында тіркелді,-деді ол.

Облыс әкімі өзінің орынбасары Дәулет Кәрібекке әкімдіктер және тиісті басқармалармен бірлесіп, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолға алуды, тиісті  талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру керектігін баса айтты.

— Ең басты мәселенің бірі бағаға байланысты. Жақында маған Тараз қаласындағы №48 дәріханада «Фурацилин» дәрісінің бағасына қатысты шағым түсті. Ол беріде 250 теңгеден сатылып келген. Кейінгі үш күнде 100 теңгеге қымбаттап кетіпті. Ал маған қазір медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жауапты өкілі ол дәрінің 150 теңгеден сатылғанын айтып отыр. Бұлай болмайды. Бір дәрінің өзі осылай құбылып тұрса, басқасына не болмақ? Қаншама зейнеткерлер, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар бар. Олар қалай сатып алады? Сондықтан да Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шектік бағаларды көрнекті жерге іліп қою керек. Дәріханаларды жиі аралап, бағаны зерделеп отыру қажет. Бұл бағытта жұмыс тобын құрып, «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерін, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін тартқан жөн , -деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы жиын барысында өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін де өткір сынға алып, өзінің орынбасары Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа нақты міндеттер жүктеді.

Аппараттық кеңесте келесі кезекте 2021-2022 оқу жылының өту барысы туралы мәселе қаралып, ол бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов баяндама жасалды.

Басқарма басшысы атап өткендей, бүгінде облыс бойынша 480 білім беру ұйымында 244299 оқушы білім алуда.

Сондай-ақ, облыста 553 мектепке дейінгі білім мекемесінде 57 100 бала тәрбиеленуде.

Жалпы, білім беру саласына 2022 жылы 232,3 миллиард  теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 есеге артық.

Жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қашықтан оқу жүйесіне көшу үшін елдімекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, ҰБТ тапсыратын түлектер үшін сынақ тестінің ақысын төмендету туралы ұсыныстарын айтты.

Аймақ басшысы облыс бойынша неліктен 28 мектепте директоры лауазымдарының бос тұрғандығына назар аударды. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарды ынталандыру,  бұл тұрғыда жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнату, жеткіншектердің тәрбиелеу ісіне жіті көңіл бөлу, ата-аналармен жүмысты жандандыру туралы тапсырмалар берді.

Кеңесте бұдан бөлек су шаруашығын реттеу мәселесі де қаралып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.