Жамбылда жер қатынастарына қатысты 8 қызмет автоматтандырылған. Бизнеске жер учаскелерін таңдау және бөлу рәсімдерін цифрлық форматқа көшіру бағытанда Жамбыл облысында «E-Jambyl» доменді атаумен өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Жүйеде барлық аудан, ауылдық округ және қала кескінінде бос жер учаскелерін көру мүмкіндігі қарастырылған. Өңірлік геоақпараттық жүйеде халыққа қол жетімді ақпарат алу мақсатында облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған 1,1 млн гектар бос жер учаскелері орналастырылды деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақтағы әкімдіктің жер қатынастары басқармасы басшысы Бахтияр Көпбосынов айтты. Оның мәліметінше, онда кәсіпкерлік мақсаттағы бос жер учаскелері туралы да деректер бар. Бұл өз кезегінде аудан, қала тұрғындарына жер учаскесін көруге және таңдауға мүмкіндік береді.
«Жер қатынастары саласында халыққа 10 мемлекеттік қызметтер түрлері көрсетілуде. Аталған «E-Jambyl» геоақпараттық жүйеде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты бірыңғай талаптарға сәйкес, жер қатынастары бойынша 8 қызметті автоматтандыру жұмыстары жүргізілді. Жемқорлықтың алдын алу немесе жою мақсатында аукциондар мен конкурстардың қағаз жүзінде жүргізілуі сауда-саттыққа қатысушылардың наразылығын болдырмау үшін 2020 жылдан бастап, «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ-мен келісім жасалып, аукциондарды өткізу электронды форматқа көшірілді. Қазіргі кезде бұл шара Мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталы арқылы өтеді», — деп түсіндірді спикер
Бахтияр Бейсембайұлының айтуынша, ендігі кезекте жерді жалға берудің конкурстық жүйесін электронды форматқа көшіруге дайындық жұмыстары атқарылуда.