Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесіп, бірқатар өзекті мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосу барысында аймақ басшысы екі жыл бұрынғы Қордай оқиғасынан соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауданда ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтіп, қарқынды жұмыстар жалғасын табу керектігін баса айтты.
— Соңғы екі жылда Қордайда көп оң өзгерістер болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 35 миллиардтан астам қаржы бөлініп, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға барынша көңіл бөлінді. Ауқымды құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік нысандар салынды. Барлығы осындағы тұрғындардың игілігіне арналған. Бұлбағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы қажет.
Екі жыл бұрын орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің салдары толығымен жойылып, бүлінген нысандар 100 пайыз қалпына келтірілді. Бүгінде тіршілік қалыпты күйге түскен. Дегенмен, болған жағдайдың себебімен күрес шаралары бір сәтке де тоқтамауы керек. Мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол беруге болмайды. Қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы нәтижелі жалғасуы тиіс,-дегеноблыс әкімі аудан әкімдігі мен ауылдық оркуг әкімдеріне нақты міндеттер жүктеп, тұрғындардың мәселесіне жіті мән беріп, өтініштеріне көңіл бөлудің маңыздылығын баса айтты.
Басқосуда аймақ басшысы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге тоқталып, Қордай ауданы түрліұлт өкілдері шоғырланған өңір екендігін ескеріп, қоғамдық келісімді сақтау, тәртіпті қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелерді шешу жолында жұмыла жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.
— Бірлік бар жерде – береке бар деген сөз бекер емес. Жауапты орындар бірлесіп, өзара үйлесімділікпен әрекет етуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың табысын арттыру, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізіңіздер,-деді Б. Сапарбаев.
Сонымен қатар, жастар тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігін күшейту, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу секілді жайттарға да айрықша назар аудару керектігін атап өтті.