Жамбыл ауданында үшем дүниеге келді

0 17

Жамбыл ауданында үшем дүниеге келді, — деп хабарлайды «ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Осындай қуанышқа жақында Жидебай отбасы кенелді. Дәлірек айтсақ, облыстық перинаталдық орталықта 19 шілде күні Қаратөбе ауылдық округінің тұрғындары Бақытжан мен Эльвираның шаңырағына шаттық сыйлаған үшем дүниеге келіп, жамбылдықтардың саны үшеммен үстемеленді. Жарық дүниеге бір емес, бірден үш ұл баланы әкелген алтын құрсақты ана – Бектөбе ауылының тумасы Эльвира Қожагелдиева.

Қазір облыстық перинаталдық орталықтан сәбилердің анасы үйіне шығарылды. Кішкентай бөбектерді құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова келіп, сыйлықтарын тарту етті.

34 жастағы Эльвира Рысбекқызы перзентханаға үш баланың анасы болып келіп, алты баланың анасы болып шықты. Енді ол «Күміс алқа» алады. Атұстарларының есімдері – Ислам, Марғұлан, Аслан. Балаларын құшағына алған әкесі Бақытжан Жидебай мен әжесі Орынкүл Жолшыбекованың қуанышында шек жоқ.

Аллаға шүкір, қазір балам мен келінімнің қолында немерелерімнің қызығына бөленіп жүрмін. Үйде үш немерем бар. Келінімнің өмірге үшем әкелгенін естігенде қуанышымда тіпті шек болмады. Бұл қуанышты бізбен бірге бөлісіп жатқан жұртқа да осындай жақсылық тілеймін, – деді көзіне жас алған Орынкүл апа.

Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Бектөбе ауылының тұрғыны Эльвира Қожагелдиева Жұлдызай, Алма атты қыздармен Зұлқарнай есімді ұлдың анасы болса, енді Ислам, Марғұлан және Аслан дүние есігін ашып, ата-анасына қуаныш сыйлап отыр. Сәбилер мерзімінен бұрын туылғанымен, қазір денсаулықтары жақсы. 34 апта 5 күн жүктілік мерзімінде кесар тілігі отасын жасау арқылы дүниеге келген сәбилердің салмағы – 2 келі 746 грамм, 2 келі 300 грамм, 1 келі 961 грамм. Алғашқы тәулік ішінде шала туған балалар қарқынды терапияға мұқтаж болды, сосын балалар неонатология бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір анасының да, сәбилерінің де денсаулығы бірқалыпты. Үшемдер бір аптадай дәрігерлердің бақылауында болып, салмақ жинақтап, тексеруден өтті. Бүгін анасы мен үшемді отбасына шығарып салып жатырмыз, – деді  биылғы жылы орталықта алғашқы үшемнің өмірге келіп отырғанын қуанышпен жеткізген перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева:

Эльвираның өзі құрсағында үшемнің жатқанын үш айлығында біліпті.
Алғашқыда қорыққаным рас. Бірақ кейін өз-өзіме келдім. Жүкті кезімде ешқандай ауырсынулар болмады. Бірақ уақытынан бұрын босанып қалдым. «Almaz Medical Group» ЖШС Жамбыл филиалы емхана дәрігерлерінің қарауында болдым. Дәрігерлердің көмегімен балаларымды аман-сау дүниеге әкелдім. Бір жетінің ішінде аяққа тұрып, қазір денсаулығымыз жақсы. Менің сәбилеріме күтім жасап, қызмет көрсеткен барша ақ халаттыларға алғысым шексіз, – дейді үшемнің анасы.

Жалпы жыл басынан бері аталған перзентханада 3000 аса сәби өмірге келсе, 83 жанұяда егіз туса, ал, үшем тойын алғашқы болып Жидебай отбасы тойлауда. Бұл көрсеткіштер өткен жылға қарағанда өскен.

Шынында, бала сүю – әрбір ата-ананың асыға күтетін қуанышы. Ал, осы кеудені кернейтін қуаныш – біреу емес, үшемдер дүние есігін ашса, тіпті үдей түседі екен. Іңгәлап, жарық дүниенің есігін ашқан үш ұл – ата-анасының көз қуанышы мен көңіл жұбанышына айналары сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.