Тараз қаласында нан бағасы көтерілді. Осыған дейін 70 теңгеден сатылып келген бөлке нанның бір данасы енді 5 теңгеге қымбаттады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бағаның көтерілуіне 2018 жылдың соңында солтүстіктегі бидай бағасының 55 теңгеден 75 теңгеге, 1 сұрыпты ұн 68 теңгеден 98 теңгеге дейін қымбаттауы негіз болды.
Инфляциялық үдірістерді тежеу мақсатында 5 наурыздан бастап тұрақтандыру қорынан 94 теңгеден алынған 4 314 тонна ұн наубайханаларға 85 теңгеден (кг) айналып, бөлке нанның бағасы 70 теңге көлемінде тұрақталған болатын.
Ол үшін, қажетті ұн көлемінің баға айырмасын өтеуге тұрақтандыру қорынан 38,8 млн. теңге қаржы жұмсалды.
Облыста астық ору науқаны жүріп жатқанымен, орылған бидайдың көлемі нарықтағы бидай бағасын төмендетуге әсер етпейді, бірақ баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Нарықтағы жағдайды зерделей келе Тараз қаласы мен облыс орталығына жақын маңдағы аудандарда нан бағасы 5 теңгеге көтерілуіне негіз бар. Максималды құны 75 теңгеден аспайды.
Сондай-ақ, облыстағы нанның орташа бағасы республика бойынша ең төмен болып саналады. Ал республикалық орташа баға 83 теңгені құрайды.
Бұл ретте тұрақтандыру қорындағы 686 мың бөлке нан 55 теңгеден әлеуметтік дүңгіршектер, коммуналдық базар және ірі сауда орындары арқылы «Корзина», «Смалл», «Нурислам», «Дәмдес», «Гаухар» дүкендеріне тұрақты өткерілетін болады.
Айта кетейік, Тараз қаласындағы «Ассорти», «Кристалл», «Нурислам», «Акбар» сауда орындарында бөлкелерді 50-65 теңгеден тарату науқаны жалғаспақ.
Сондай-ақ, аймақтарда ас атасы қымбаттап жатыр. Бірқатар өңірде нан бағасы бірден 10 теңгеге өсті. Мәселен, Павлодарда бір бөлке 80 теңгені құраса, қазір 90 теңгеден сатылып жатыр. Бұдан бөлек Орал, Шымкент және Қостанайда баға 10 теңгеге қымбаттады. Ал Атырау, Қарағанды, Қызылордада 5 теңгеге көтерілді. Наубайшылар нан бағасының өсуін ұнның қымбаттауымен байланыстырады.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Тараз қаласындағы сауда нүктелерінде бір бөлке нанның бағасы 75 теңгеге дейін көтерілген. Бірақ, кәсіпкерлермен кездескен облыс билігі бағаны тұрақтандырып, оны 60-65 теңге көлемінде қалдырған болатын.
Бұған дейін Тараз қаласындағы нан бағасы еліміздегі ең арзан баға саналатын.